5 ақпан күні Астана қаласындағы «Конгресс-Холл» сарайында Мұқағали Мақатаевқа арналған әдеби-музыкалық концерт өтеді. Бұл шараны Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясы ақынның туғанына 85 жыл толуына орай алғаш рет ұйымдастырып отыр.
Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының бас директоры және көркемдік жетекшісі Сәкен Әбдірахманов ақынның туған күні қарсаңында осындай кеш өткізіп, елордалық көрермендерге ән мен күйден шашу шашу туралы бастама көтерген болса, оны қала әкімдігі де, өнер ұжымы да бірден қолдаған.
Осы кештің басында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын, драматург Серік Тұрғынбекұлы халқымыздың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев туралы кіріспе сөз сөйлейді деп күтілуде.
«Мұқағалидың кешін оркестрмен алғаш рет өткізгелі тұрмыз. Ақын сөзіне жазылған әндердің ноталары оркестрге түсірілді. Осы мәдени шараға үлкен дайындық жасалып жатыр. Жаңа шығармалар да орындалады. Рухани байлықты қадір тұтатын көремендеріміз үшін сазды да мәнді кеш болғалы тұр»,- дейді дирижер, күйші, композитор, профессор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Астана қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясының қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Айтқали Жайымов.
Тұрсынжан Шапайдың «Қайран Қарасазым-ай» деген әнін Арман Жайым оркестрге лайықтады. Ермұрат Үсеновтің «Ұран» деген күйі орындалады.
Танымал өнер қайраткерлері Майра Ілиясова, Азамат Жылтыркөзов, Бибігүл Жанұзақ және филармонияның басқа әншілері Мұқағалидың сөзіне жазылған әндерді орындайды. Сондай-ақ, ақынның өлеңдері оқылады.
Күйші Уәли Бекеновтің «Күй аңсау» атты күйі алғаш рет орындалғалы тұр. Орындайтын Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының Қазақ халық аспаптары оркестрінің дирижері, Мәдениет қайраткері - Нұрлан Бекенов. Бізге жеткен деректерге сүйенсек, Мұқағали күйді аңсаған кезде Уәли Бекеновке барып, күй тыңдайды екен. Кейін ақын қайтыс болған соң, күйші оған арнап осы «Күй аңсау» атты күйін шығарған. Уәли Бекенов шертпе күй туралы алғашқы кітап жазған музыка зерттеушісі екені белгілі. Оның «Күй көтерер көңілдің көк жиегін», «Күй табиғаты», «Шертпе күй шеберлері» және басқа зерттеу еңбектері жарық көрген. Өзі шертпе күйдің шебері атанған адам.
Кеш жұма күні 19.00-де басталады.