«Астана Опера» театрының оркестрі симфониялық музыкадан концерт ұсынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Астана Опера» театрының оркестрі симфониялық музыкадан концерт ұсынады

30.01.2016
 «Астана Опера» театрының оркестрі симфониялық музыкадан концерт ұсынады

2 ақпанда «Астана Опера» театрының оркестрі Үлкен зал сахнасында көпке танымал «Симфоника» циклынан Симфониялық музыкадан концерт береді.

Солист - мәскеулік пианиношы, «Astana Piano Passion-2015» III халықаралық конкурсының лауреаты Виктор Маслов. Дирижері - Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов.

Тыңдаушыларға симфониялық және аспапты музыканың жауһарлары: Д.Шостаковичтің №5 d-moll симфониясы, 47 шығармасы (1937) және П.Чайковскийдің оркестр мен фортепианоға арналған №1 b-moll концерті, 23 шығармасы ұсынылады.

«Д.Шостаковичтің симфониясында өте көп жұмбақ жатыр. Біз осы құпиялардың сырын ашып, композитордың өмірінен оның туындыларын түсінетіндей қызықты деректер туралы әңгімелейміз. Д.Шостаковичтің музыкасы адамды рухани байытып, ішкі жан-күйін емдейтіндей әсер қалдырады», дейді маэстро.

Виктор Маслов - ресейлік жас музыкант, Парижде, Анконада, Мәскеуде, Киевте өткен халықаралық конкурстардың жеңімпазы. 2014 жылдан бері Лондонда Корольдіктің музыка колледжінде білім алуда. 2015 жылы «Astana Piano Passion-2015»конкурсында екінші сыйлықты және екі арнайы жүлдені (арнайы жүлделердің бірі - «Астана Опера» Үлкен залының сахнасында өнер көрсету) иеленді.

Айта кетсек, «Астана Опера» сахнасында музыкант өзінің туған күнінде өнер көрсетпекші.

«П.Чайковскийдің концертін орындау - үлкен жауапкершілік. Себебі, оны Клиберн, Горовиц, Соколов сияқты мэтрлар әлемнің ең үздік залдарында ұсынған. Сол себепті бұл музыкалық шығарманы орындауда  сол деңгейге сәл де болса жақындай түссем деймін. Туындының терең поэзиялық қыры мен драматургиясын жеткізгім келеді»,  дейді пианиношы.

Концерттің басталуы - 19:00.

astanaopera.kz

Хабарламаларға жазылу