Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісінің кезектен тыс сайлауын өткізу жөнінде кеңес өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісінің кезектен тыс сайлауын өткізу жөнінде кеңес өткізді

20.01.2016
Мемлекет басшысы Парламент Мәжілісінің кезектен тыс сайлауын өткізу жөнінде кеңес өткізді

Іс-шара барысында Мемлекет басшысы депутаттардың кезектен тыс Мәжіліс сайлауын өткізу және барлық деңгейдегі мәслихаттардың кезекті сайлауын өткізу туралы бастамасына байланысты үндеу жасады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Қазақстан Президенті Парламент Мәжілісі депутаттарының өкілеттіктерін мерзімінен бұрын доғару және жаңа сайлау белгілеу жөніндегі ұсынысын жан-жақты қарастырғанын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев жаңа кезеңде шикізатқа төмен баға жағдайында өмір сүруге бейімделіп, индустрияландыруды, шағын және орта бизнесті дамытуды белсенді жалғастыру керектігін атап өтті. 

«Осы бір күрделі ахуалда біздің бәріміз үшін ең маңыздысы – ысырапсыз өмір сүру, ресурстарды үнемдеу, жұмыс орындарын сақтау екенін түсіну. Үкімет пен Парламентке бұл жағдайда бірлесіп, жинақы жұмыс істеп, жедел шешім қабылдау қажет. Біздің халқымызға бұрынғыша бірігіп, осы күрделі уақытта кез келген ықтимал арандатуларға, қажет болса, заңнамалық тұрғыдан тойтарыс беру керек. Ол жағдайдың нашарлауына кінәлілерді іздеп, саясиландырғысы келетіндерге де қатысты. Бұл – жаһандық үдеріс, оған бірде-бір ел, соның ішінде Қазақстан да ықпал ете алған жоқ. Сондықтан бәріміз топтасып, бір-бірімізге көмектесуіміз керек», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті біздің қоғам бүгінде түрлі сын-қатерлерге дайын екеніне назар аударды.

«Біз Тәуелсіздіктің ширек ғасырға жуық абыройлы жолын жүріп өттік. Біз жасампаз еңбекте шыңдалып, табысты, қалыптасқан және әлемге сыйлы мемлекет құрған біртұтас халыққа айналдық. Мен депутаттардың бастамасын Қазақстан мен қазақстандықтардың тағдырына отаншылдық тұрғыдан қамқорлық танытудың көрінісі деп қабылдаймын. Мәжілістің кезектен тыс сайлауы (оның ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының да депутаттары бар) және өңірлік мәслихаттардың кезекті сайлауы бірге өтуі уақытты да, қаржыны да үнемдейді. Барша депутаттарға мемлекетшіл ұстанымы мен аса жоғары тарихи жауапкершілік танытқаны үшін алғысымды айтамын», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы ел Конституциясы талаптарына сәйкес, Парламент Палаталары төрағаларымен, Премьер-Министрмен және Конституциялық кеңес төрағасымен консультациялар өткізгенін, соның қорытындысы бойынша депутаттардың бастамасын қолдауға шешім қабылданғанын айтты.

«Билік саласы өкілдері құрамының жаңартылуы еліміз бен халқымыздың мүддесіне сай келетіндігіне сенімім кәміл. Саяси партиялар күн тәртібіндегі міндеттерді түсіне білетін сауатты, іскер және ел мүддесіне адал кандидаттарды ұсынуға тиіс. Бүгін мен Бесінші шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің өкілеттігін мерзімінен бұрін тоқтату туралы Жарлыққа қол қойдым. Мәжілістің кезектен тыс сайлауы 2016 жылғы 20 наурызға белгіленді, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл қазақстандықтарды, қоғамның барлық әлеуметтік топтарын уақыт талабы тудырған шешімді қолдауға шақырды.

«Баршаңызды сайлауға белсене қатысуға, еліміздің болашағы жолындағы тұтастығымыз бен бірлігімізді тағы да танытуға шақырамын. Конституцияның кепілі ретінде Орталық сайлау комиссиясына және барлық өкілетті мемлекеттік органдарға алдағы сайлауда заңдылықты, ашықтықты және әділеттілікті қамтамасыз етуді тапсырамын. Дауыс беру науқаны және сайлау күрделі кезеңде ұлтты ұйыстырып, біздің Қазақстанымызды жаңа белестерге алып шығуға көмектеседі деп сенемін», – деді Мемлекет басшысы. 

Хабарламаларға жазылу