Елорда сахнасында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында қазақ халқының тарихындағы айшықты оқиғаның бірі, ел басына нәубет түскен ашаршылық жылдардағы елдің жай-күйін суреттейтін драма сахналанбақ. Драма авторы – драматург О. Жанайдаров, қоюшы режиссері – Башқұртстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Айат Абушахманов.
Жас қазақ драматургы О. Жанайдаровтың «Жұт» пьесасы– қазақ театрының сахнасында алғаш қойылып отырған режиссер А. Абушахмановтың екінші қойылымы. Пьеса М. Гафури атындағы Башқұрт театрының репертуарына еніп, көрерменді қуантып жүр.
Жаман халық жоқ, ал жаман адамдар әр халықта бар. Бойында ар-намысымен қатар пасықтығы да бірге жүретін адам баласы қанша қасірет кешсе де, өзін жоғалтпай, адамдық қасиеттерін сақтап қала ала ма? Қойылым барысында қиын-қыстау заманды бастан кешкен адамның өз келбетін қаншалықты сақтағанын аңғарып, тағдыр сынағына қалай төтеп бергеніне тәнті боласыз, деп хабарлайды astana.gov.kz.
Театр сахнасынан көрермен ықыласына кеңінен бөленіп жүрген - ҚР «Дарын» Жастар сыйлығының иегері – Сырым Қашқабаев, Асылбек Қапаев, Айнұр Бермұхамбетова, Жанат Оспанов, Айман Карпсейітова, Нұрсұлтан Есен, Айнұр Жетпісбаева, Жұлдыз Искакова, Ақмарал Танабаева, Алтынгүл Серкебаеваларды көре аласыздар.