Қазақстан Үкіметі бюджетке қатысты қатаң шешімдер қабылдауды жоспарлауда. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев мәлім етті.
«Мұнай бағасының қарқынды құлдырауы мен әлемдік нарықтағы келеңсіздіктерді ескере келе, Мемлекет басшысы Үкіметке мұнайдың әлемдік бағасы барреліне жиырма долларға құлдыраған жағдайда да Қазақстан экономикасын дамытудың мүмкін сценарийін әзірлеуді тапсырды. Осынау сценарийлік болжамдар бейсенбі, 19 қаңтар күні Үкімет жанындағы Экономикалық саясат жөніндегі кеңес отырысында қаралады. Бюджет бойынша қатаң шешімдер қабылдауға тура келуі де мүмкін. Шығыстарға тексеру жүргізіліп, қаржыландырудың тиімсіз бағыттары айқындалады», - деді Б.Сағынтаев.
Осы ретте Үкімет басшысының бірінші орынбасары «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы мен әлеуметтік сала шығыстары еш қысқартылмайтындығын баса атап өтті.
«Қабылданған шешімдерді ескере отырып, қосымша шаралар қалыптастырылатын болады», деді ол.