Түркістанға биыл 1 миллион турист келген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістанға биыл 1 миллион турист келген

31.12.2015
Түркістанға биыл 1 миллион турист келген

Ер Түріктің бесігі саналатын Түркістанда туризм саласы соңғы екі, үш жылда айтарлықтай дамыды. Осы жылдың өзінде киелі қалаға келіп, тарихи мекендерге зиярат етушілердің қатары миллионға жуықтады.

Бүкіл түркі жұртына ортақ қастерлі мекен – Түркістан 2015 жылды рухани кездесулермен, толағай табыстармен аяқтады. Әріге бармай-ақ, биылғы жылдың өзінде елдігімізді айшықтайтын ұлы істердің барлығы дерлік осы қасиетті қалада тұсауы кесілді. Соның ішінде, Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының құрметіне арналған салтанатты рәсім, алдымен, осы рухани орталықтан бастау алып, «Менің Қазақстаным пойызы» да ең алғашқы аялдамасын Түркістанда жасады.

Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы Таразда аталып өткенімен тарихи қала Түркістанды да ұмыт қалдырған жоқ. Бұдан бөлек, мемлекетіміз Тәуелсіздік алған жылдардан бергі уақытта Түркістанға келіп, сәждеге бас июді міндет санайтын бауырлас Түркия елінің мемлекет басшыларының салған дәстүрлі жолы биыл да жалғасын тапты.

Нақтырақ айтқанда Түркия басшысы Реджеп Тайып Ердоған мырзаны Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанда қарсы алып, Мемлекет басшылары осындағы Түркия тарапынан салынған мешіттің лентасын қиды, деп хабарлайды Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Хабарламаларға жазылу