«Намыс доданың» жеңімпазы белгілі болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Намыс доданың» жеңімпазы белгілі болды

26.12.2015
«Намыс доданың» жеңімпазы белгілі болды

25 желтоқсан күні «Қазақстан» телерадиокорпорациясы Алматы – «Мега парк» ірі сауда орталығында «Намыс дода» халықаралық жобасының финалын жұртшылықпен бірге тамашалауды ұйымдастырды. Бұл кешке жиналған жанкүйерлер мен сауда орталығына келушілер отандық эстрада жұлдыздары мен танымал спортшылардың ортасында тартысқа толы финалды көруге мүмкіндік алды.

Осы жобаның тарихында Қазақстан құрамасы екінші мәрте жеңімпаз атанды.             

Ұлттық құраманы қолдауға Майра Ілиясова, Айгүл Иманбаева, Төреғали Төреәлі, Асхат Тарғынов сияқты танымал тұлғаларымызбен қатар Бейбіт Назар (джиу-джитсу бойынша ҚР 2 дүркін чемпионы), Ақбар Жармағанбетов (бодибилдинг бойынша ҚР 2 дүркін чемпионы), Ернұр Оспанов (танымал цирк акробаты), Алмагүл Кашина (самбо бойынша Қазақстан чемпионы), Руслан Қамзаев (ережесіз күрес бойынша Әлем чемпионы), Дәулет Өсербай (әскери самбо бойынша Қазақстан чемпионы), Сырым Бектұрсын (әскери самбо бойынша Қазақстан чемпионы) және т.б. танымал спортшылар мен спорт шеберлері келді.

Кеш қонақтары Қытай, Венгрия, Франция және Алжир құраламаларынан оқ бойы озық шыққан Ұлттық құраманы барынша қолдап, қолпаштап отырды.

Естеріңізге сала кетейік, 2007 жылы Қазақстан құрамасы аталған турнирде төртінші орынды иеленсе, 2008 жылы екінші орынды, ал 2012 жылы жеңімпаз атанып, бас жүлдені иеленген болатын. Биылғы жарыс қытайдың Хайнань аралындағы Хайкоу қаласында өтті. Қазақстандық құраманың бас бапкері – ММА бойынша Әлем кубогының иегері, аралас жекпе-жек бойынша үш дүркін Әлем чемпионы, Еуропа және Азия чемпионы – Ардақ Назаров. Құрамаға Қазақстанның ең белсенді және танымал өкілдері қатысты, атап айтқанда: Олимпиада чемпиондары, әр түрлі спорт түрлері бойынша Әлем чемпиондары, сондай-ақ, өнер саласының өкілдері қатысты.

«Намыс дода» бұл – еліміздің танымал тұлғалары өз мүмкіндіктерін сынап, батылдықтарына күмән туғызбаған отандық телеарнадағы жобалардың бірегейі. Еліміздің осындай ірі халықаралық жобаға қатысуы бүкіл республика үшін айтулы оқиға.

Осы кешке қатысып, Ұлттық құраманы қолдаған әрбір жанкүйердің алған әсері мол екеніне сенімдіміз.

«Қазақстан» РТРК» АҚ өз кезегінде өзінің барлық көрермендеріне Жаңа жылда үлкен жеңістер мен табыс тілейді!

 

Хабарламаларға жазылу