Көрнекті жазушы Жақсылық Сәмитұлының 75 жылдығына арналған «Қазіргі қазақ прозасының өзекті мәселелері» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Жиынға жазушының туыстары мен көзін көрген қоғам қайраткерлері, жазушылар қатысты. Естеліктерімен бөлісті. Оның шоқтығы биік шығармасы - «Қаһарлы Алтай» туындысы. Бұл трилогияда қазақты бірнеше рет жау қолынан алып қалған Оспан батыр туралы айтылады. Өмірінің жиырма жылы қуғын-сүргінмен өтіп, соңғы 30 жылда шығармашылықпен айналысқан жазушының шығармаларын екіге бөліп қарау керек дейді әдебиетшілер.
«Жақсылық Сәмитұлы - 30 жыл шығармашылығының 15 жылын Алтайда, 15 жылын қазақ жерінде өткізген жазушы. Оның шығармаларының барлығы қазақ тарихына арналған. Жақсылық Сәмитұлы - қазақ прозасын жаңа тақырыптармен, жаңа кейіпкерлермен байытқан жазушы»,- деді М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, ф.ғ.д Гүлжаһан Орда.