Ақордада Мемлекеттік наградаларды тапсыру рәсімі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақордада Мемлекеттік наградаларды тапсыру рәсімі өтті

15.12.2015
Ақордада Мемлекеттік наградаларды тапсыру рәсімі өтті

Қазақстан Президенті сөзінде баршаны алдағы Тәуелсіздік күнімен құттықтады және марапатталушы азаматтар үшін бұл рәсімнің маңыздылығын айтты, деп хабарлайды ҚР Президентінің ресми сайты.

«Тарихи өлшем тұрғысынан қысқа уақытта біз үлкен жолдан өттік, мемлекеттілікті нығайтып, экономиканы дамыттық, қазақстандықтардың жаңа буынын тәрбиеледік. Біз индустриялық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асырып жатырмыз. Биыл үшінші ғарышкеріміз ғарышта болып келді. Қазақстан ДСҰ-ның мүшесіне айналды. Әлемдік экономикадағы қиындықтарға қарамастан, біз көп іс тындырдық. Бұл табыста бүкіл қазақстандықтардың жұмсаған күш-жігері бар. Наградалар мен атақтар – отандастарымыздың қажырлы еңбегі мен қызметін халықтың жоғары деңгейде бағалауының белгісі», – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік наградалармен атап өтілген азаматтардың жетістіктеріне тоқталды.

Атап айтқанда, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы ұзақ жылдар бойы өндіруші салада жұмыс істеген, өз кәсібінің үздік маманы ретінде зор құрметке ие болған Р.Әмреновке берілді.

Дәл осындай жоғары атаққа М. Искандиров та лайық деп танылды, оның бүкіл еңбек жолы фосфор өнеркәсібімен байланысты. Ол бұл салаға 30 жылдан астам өмірін арнаған.

Осы атақ аграрлық салада 40 жылдан аса жұмыс істеген және ұжымына жақсы қамқорлық жасайтын ілгерішіл шаруашылықты басқаратын Б.Князевке берілді.

«Отан» орденімен танымал әнші әрі композитор Е.Хасанғалиев атап өтілді, оның әндері халықтың рухын көтеріп, өскелең ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеп келеді.

«Парасат» орденімен Ш.Катсу марапатталды. Ол бірқатар мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу ісіне сарапшы ретінде елеулі үлес қосты, ал Назарбаев Университеті оның басшылығымен халықаралық деңгейдегі жоғары оқу орнына айналды.

II дәрежелі «Достық» орденіне этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту ісіне зор үлес қосқан этномәдени бірлестікті басқаратын Л.Кан лайық деп танылды.

Биыл бірінші рет «Еңбек Даңқы» ордені тапсырылып отыр. Оның үш дәрежесін иеленген лауреаттарға  «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріледі. Бұл марапатқа алғаш ие болғандар қатарында Атырау қаласынан «Каспий Құбыр Консорциумы-К» АҚ операторы Е.Жұмағалиев, Қарағанды облысының Теміртау қаласынан «АрселорМиттал Теміртау» АҚ темір кесушісі М.Ибраев және Алматы облысынан «Алматы» асыл тұқымды зауыты» АӨК аға шопаны К.Сейтенбекова бар.

 «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы С.Ақшолақовқа берілді. Оның еңбегі ғылымға, сондай-ақ еліміздегі нейрохирургия технологияларын ілгерілетуге қосылған үлес болып саналады.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісінде Алматы қаласының ішкі істер департаментінің аға инспекторы Е.Абдрахимовтың ерлігі «Айбын» орденімен атап өтілді.

Мемлекет басшысы бүгін мемлекеттік наградалармен мәдениет, ғылым, білім, денсаулық сақтау саласының қайраткерлері, өндіріс пен бизнес саласының өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери қызметшілер, спортшылар, соғыс және еңбек ардагерлері, мемлекеттік қызметшілер марапатталып жатқанын айтты.

«Бүкіл ел бойынша марапатталушыларға менің атымнан ордендер мен медальдар тапсырылуда. Сіздердің әрқайсыңыздың Отанымыздың игілігі жолындағы жұмыста үлестеріңіз бен тәжірибелеріңіз бар. Әрқайсыңызды  Қазақстанның мақтанышы деп айтуға әбден болады. Осының бәріне еңбекпен жеттіңіздер. Біз еңбек адамына құрмет көрсетуге тиіспіз, сондықтан «Еңбек Даңқы» орденін алған адамдардың қызметін айрықша атап өткім келеді. Бұл – экономикалық қуатты еселеп жатқан еңбекшілер үшін үлгі болсын, соның негізінде барлық өзге салалар дамып жатыр», – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев барлық марапатталушыларды алдағы мерекелермен құттықтап, мықты денсаулық пен табыс тіледі.

Хабарламаларға жазылу