Ауыр атлетикадан Қазақстан Ұлттық құрамасы Шешенстан астанасы Грозный қаласында өткен РФ Президенті кубогында жалпыкомандалық есепте екінші орын алды. Қазақстандық зілтеміршілердің қоржынында 5 медаль бар. Оның 1-і «алтын» және 4-і «күміс».
Еліміздің намысын осы сында қорғаған Илья Ильин 105 келіге дейінгі салмақта екі әлемдік рекорд орнатып, жарыс жеңімпазы атанды. Жұлқа көтеруде 191, ал, серпе көтеруде 246 келіні төбеге еркін көтерді. Осылайша, 437 келі қоссайыс қорытындысында рекорд болып тіркелді.
Қарсылас шақ келтірмеген толағай «Таңшолпанға» сұхбат берген еді.
«Грозный бізді керемет күтіп алды. Дәл сондай салтанатпен қарсы алады деп ойламаған едім. 94 келідегі жігіттердің жарысына Рамзан Қадыровтың өзі қатысты. Бірақ, мен шыққан күні жұмыс бабымен келе алмады. Ең бастысы, Грозный жерінде Қазақстанның атын тарихқа жазып кеттік. Мұндай рекордтық дәреже көрсетемін деп ойлаған жоқпын. Бірақ, іштей дайындалғаным рас. Бұл менің ғана жеңісім емес, елдің жеңісі»,-дейді чемпион.
«Менің тағы бір жаңалығым бар. PhD саласында кандидаттық қорғаймын. Өзімнің осыған дейінгі спорттық жолымда кездескен жайттарды жазып шықтым. Еңбегімді қорғау үшін Алматыдан Туризм және спорт академиясын таңдадым. Бұл ғылыми еңбектің болашақ жастарға, спортшы боламын дегендерге берері мол деп ойлаймын»,-дейді Илья Ильин.
Толығырақ «Таңшолпаннан» көріңіз.