Нюша: Қазақ елін Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын! - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нюша: Қазақ елін Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын!

14.12.2015
  Нюша: Қазақ елін Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын!

«Мен ғашықпын...». Осындай атаумен өткен әнші Қайрат Нұртастың бұрын-соңды болмаған шоу-концерті хит әндерімен басталды. Әнші шығармашылығының 10 жылдығына арналған дүбірлі кешке халық көп жиналды.

Қайраттың сүйікті тыңдармандарымен қатар, өнердегі үзеңгілес достары, тілеулес аға-әпкелері де кеш төрінен табылды. Ақжарма тілектер, ақ адал ниеттестер құрметі де көп болды.

«Қазақ өнерінде осыншама халықты жинап, концерт беру  әлі ешқандай әншінің маңдайына бұйырмады. Бұл да Алланың берген бағы болар. Ресейдің ең танымал әншілерін шақырып отырғаны Қайраттың беделі шығар»,-дейді айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева.

Әнші Индира Расылхан мен Ернар Айдар да кеш иесіне тілектестігін білдіріп, жүрекжарды лебіздерін жеткізді.

Сондай-ақ, әншінің ата-анасынан бөлек, Шымкенттен арнайы келген туған-туысқаны да ұлдарының осындай дәрежеге жеткеніне шексіз қуаныштарын білдірді.

«Баламның өнердегі он жылдық мерейтойына сонау Шымкенттен келдім. Мұндай кеш ұйымдастыру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Денің – сау, өмірің – ұзақ болсын»,-дейді әншінің әжесі Ұлжан Тұңғышбаева.

Креатив пен тосынсыйға толы кештің қонақтары да ана тілімізде ән шырқап, елімізді алдағы ұлық мейрамымыз – Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

Нюша: «Барша Қазақ елін Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын! Әр үйге қуаныш, махаббат, жылылық, нұр, шапағат тілеймін».

Ал, Қайрат Нұртас көрермендерді әндерімен қуантып қана қойған жоқ, кештен жиналған 8 миллион теңгені қайырымдылық қорларына аударатынын айтты.

Хабарламаларға жазылу