Сенат: ЕАЭО аясында көлік құралдарының электрондық паспорты енгізілетін болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сенат: ЕАЭО аясында көлік құралдарының электрондық паспорты енгізілетін болады

10.12.2015
Сенат: ЕАЭО аясында көлік құралдарының электрондық паспорты енгізілетін болады

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Көлік құралы паспортының (көлік құралының шассиі паспортының) және өзі жүретін машина мен техниканың басқа да түрлері паспортының бірыңғай нысандарын енгізу және электрондық паспорттар жүйелерін ұйымдастыру туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңы қабылданды.

Аталған келісім 2014 жылдың 15 тамызында Мәскеу қаласында жасалған болатын. Құжатқа сәйкес, көлік құралдарының және өздігінен жүретін машиналардың және техниканың басқа да түрлерінің электрондық паспорттарының жүйелері қолданысқа енгізілгенге дейін көлік төлқұжатының бірыңғай нысандары пайдаланылатын болады. Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Раудың айтуынша, аталған келісім бірыңғай кеден аумағында көлік құралдары мен техниканың басқа да түрлерінің еркін айналысын қамтамасыз етуге бағытталады.

«Бұдан бөлек, паспорттардың бірыңғай нысандарын, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ аумағында құрастырылған және тіркелуге жататын көлік құралдарына берілетін электрондық паспорттарды қолдану мәселесін реттейді», - деді Альберт Рау.

Оның айтуынша, аталған келісімді жүзеге асыру мақсатында Еуразиялық экономикалық комиссия электрондық паспорттар қолдану жүйесінің тәртібін және көлік құралдары мен басқа да техника түрлеріне берілетін электрондық паспорт құрылымын бекіткен.

Парламент қабылдаған Заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.

 

Хабарламаларға жазылу