Павлодарда № 1 облыстық перинаталды орталықтың жаңа корпусы ашылды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz. «Мемлекеттің денсаулық сақтау саласындағы саясаты денсаулықты сақтауға және ең алдымен аналарға сапалы медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыруға бағытталған. Бұл орталықтың ашылуымен аймағымыздың тұрғындары әйелдер кеңесінен хирургияға дейін жоғары сапалы дәрігерлік көмек алу мүмкіндігіне ие болады», - деп атап өтті облыс әкімі Қанат Бозымбаев.
Орталықтың жаңа ғимараты 100 орынға арналған. Нысанның жалпы көлемі 12175,65 шаршы метрді құрайды. Бас мердігер - «Портал ПВ» ЖШС. Ғимараттың құрылысы 2014 жылы мамырда басталып, 2015 жылдың қарашасында, яғни өз мерзімінде аяқталды. Облыстық перинаталды орталықта жүкті, босанатын, босанған әйелдерге және балаларға сапалы медициналық көмек көрсету үшін барлық жағдай жасалған. Бұл Павлодар облысындағы шала туған балалардың өмірін сақтап қалуға, сондай-ақ, ана мен бала өлімін төмендетуге мүмкіндік береді.
Корпус бөлімшелері жаңа жабдықтармен, ересектер мен балаларға арналған өкпені жасанды вентиляциялау аппараттарымен, кардиотокографалармен, дыбыстық зерттеу аппараттарымен, кереует жанындағы мониторлармен жабдықталған. Орталықта сонымен қатар ретинопатия диагнозымен туған салмағы аз балаларға шұғыл түрде ота жасауға арналған офтальмологиялық лазер орнатылған.