ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары Мейірбек Молдабеков семинар барысында еліміздің ғарыш саласында жеткен жетістіктеріне тоқталды.
«2015 жыл – еліміздің ғарыш саласының даму бағытында аса маңызды жыл болды. Биыл «Қазғарыш» ғарыштық технологияларды одан әрі дамытуды жалғастырды. Жерді қашықтықтан зондтау ғарыштық жүйесі мен жоғары дәлдікті спутниктік навигация жүйесінің жерүсті инфрақұрылымы толық көлемде сәтті жұмыс істеп тұр. Биылғы жылдың тағы бір маңызды жаңалығы – ғарышкеріміз Айдын Айымбетов ғарышқа сапарлап келді»,-деді Мейірбек Молдабеков.
Оның сөзінше, «Ғарыш саласын дамыту жолында «Қазғарыштың» атқарған жұмысы баршылық. Ол – «KazSat» спутниктік жүйесінің, Жерді қашықтықтан зондтау ғарыштық жүйесі, жоғары дәлдікті спутниктік навигация жүйесінің жерүсті инфрақұрылымы, ғарыштық аппараттардың қайта құрастыру-тәжірибелік кешені, ғылыми-технологиялық бағытта ғарыштық жүйе құру және экологиялық қауіпсіз ғарыштық-зымыран кешенін құру»,-деп қосты төрағаның орынбасары.