Әсет Исекешев автожолдарды дамытуға бөлінген қаражатты уақытылы игеруге сөз берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әсет Исекешев автожолдарды дамытуға бөлінген қаражатты уақытылы игеруге сөз берді

18.11.2015
Әсет Исекешев автожолдарды дамытуға бөлінген қаражатты уақытылы игеруге сөз берді

Автомобиль жолдарын дамытуға бөлінген 302 млрд теңге бюджет қаражаты уақытылы игеріледі, деп мәлімдеді ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев.

«Бағдарламаның инфрақұрылымдық жобалары кең ауқымда жүзеге асырылуда, көлік жобалары бойынша 100 мыңнан астам адам тартылған. Осы жылы автомобиль жолдарын дамытуға, яғни 2 мың км-дан астам жолды қамту үшін 302 млрд теңге бөлінді және қомақты қаржы уақытында игерілетін болады», - деді ол Мемлекет басшысының қатысуымен өткен  Үкіметтің кеңейтілген отырысында. 

Министр еске салып өткендей, 2016 жылға қарай «Батыс Қытай» жолдары: «Бейнеу – Ақтау», «Астана – Теміртау», «Алматы – Қапшағай», «Астана – Петропавл» бағытындағы жол құрылыс жұмыстарын аяқтау көзделуде.

«Жобаны уақытылы жүзеге асыру бойынша халықаралық қаржы институттарынан 5,5 млрд АҚШ доллары көлемінде қарыз тарту жұмыстары жүргізілуде. Аталмыш қаржы есебінен келер жылдан бастап «Орталық-Оңтүстік» жобасы - Қарағандыдан Балқашқа дейін, «Орталық-Батыс» жобасы - Астана - Ақтөбе - Атырау - Астрахань, Ұзынағаш - Отар - Жетібай - Жаңаөзен жолдарының құрылысы басталады. Олардың жалпы ұзындығы 3 мың шақырымнан асады», - деп мәлімдеді ведомство басшысы.

Естеріңізге сала кетейік, Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті.

Отырыс барысында еліміздің 2015 жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының аралық қорытындылары шығарылып, әлемдік экономикадағы дағдарыстық үрдістер ескеріле отырып алдағы кезеңге арналған негізгі жоспарлар қаралған болатын.

Хабарламаларға жазылу