Сұхбат барысында аймақтардан гастрольдік сапардан келген әнші халықтың әсері турасындағы ойымен бөлісті.
«Мен «Ақ жауын» мемлекеттік камералық ұлт-аспаптар оркестрінің жеке орындаушысы болып қызмет атқарамын. Біз жоспарлы түрде жыл сайын өңірлерге гастрольдік сапармен шығып тұрамыз. Биыл Орал мен Атырау өңіріне барып қайттық. Бұл аймақтарға бірінші баруым емес. Жиі барып тұрамын.
Бірақ, ұжыммен бірге бару, оның үстіне қазақтың үлкен күйші-композиторы Секен Тұрысбек ағамызбен бірге жүру – бақыт. Халықтың қошеметі ғажап. Нағыз тыңдарман шалғайда жатыр ма, деп қаласың кейде. Әсіресе, Орал халқы аяғымызды жерге тигізбей, алақанында ұстады. Бар пейілін төгіп, өнеріңді бағалап, ерекше құрмет көрсетті»,-дейді әнші.
«23 қараша күні Алматыда Жамбыл мемлекеттік филармониясының жеке орындаушыларының концерті өтеді. Оның арасында мен де бармын. Сол концертте Тұрсынғазы Рақымов ағамыздың Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Керей-Жәнібек» деген әнін алып шықпақпын».
Дауыс баптаудағы сырымен бөліскен әнші: «Дауыс әдебі, мәдениеті деген бар. Оны сақтай білу керек. Дауысқа күтім маңызды. Себебі, күтім көрмеген дауыс 40-тан асқан соң шықпай қалады»,-дейді.
Әншінің орындауындағы «Қайран, өмір» әнін «Таңшолпаннан» тыңдай аласыздар.