Театр, сахна, драма дегенде, ойымызға алдымен актерлер мен режиссерлер келетіні рас. Арасында сахнаны безендірушілер мен жарық беруші мамандардың еңбегін де ескереміз. Ал, «театр тізгіншісі» деген қызметкерлердің жұмысы қандай?
Театр қойылымын дайындау үшін маңдай терін төгетін жандар баршылық. Әсіресе, әртістер сияқты халық алдына шықпайтын, бірақ олар үшін сахналық киім тігетін қызметкерлердің еңбегі орасан.
Назым Қалиева әртістер киімін тігумен 16 жылдан бері айналысып келеді. Әрі кәсібін мақтан тұтады.
«Менің атам атақты етікші болған екен. Туыстарым «сол атаңа тартқансың», деп жатады. Сүйікті кәсібім болғандықтан, әр таңда жұмысқа қуана кірісемін»,-дейді ол.
Сахна киімі, спектакль кейіпкерлерінің костюмі – қойылымның негізгі реквизиттері. Сол себепті, «жеті рет өлшеп, бір рет кесуді» талап етеді.
Бүгінде Назым бар білгенін шәкірттеріне үйретіп келеді. Шағын тігін цехы бар. Сахналық қойылым киімдерін тігуден қолы қалт етсе, қолөнер бұйымдарын жасаумен шұғылданады.
«Тігін тігумен қатар, қолөнермен айналысқанды жақсы көремін. Сол себепті, көбіне өзіме керек затты қолдан тігіп аламын»,-деген Назым «Таңшолпан» көрермендеріне шаш қыстырғыш жасаудан шеберлік сыныбын өткізді.