Керекуде Баян батырдың 300 жылдығына арналған халықаралық жекпе-жек жарысы мәресіне жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Керекуде Баян батырдың 300 жылдығына арналған халықаралық жекпе-жек жарысы мәресіне жетті

09.11.2015
Керекуде Баян батырдың 300 жылдығына арналған халықаралық жекпе-жек жарысы мәресіне жетті

Павлодар қаласында Баян батырдың 300 жылдығына арналған жекпе-жектен ересектер арасында Еуразия Кубогының жартылай және ақтық сайыстары аяқталды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz. «Энергетик» теннис орталығында өткен додада спортшылар бес салмақ дәрежесі бойынға сынға түсті. Павлодар қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Асқар Ғазизовтың айтуынша, турнирге Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Әзербайжан мемлекеттерінен 30-ға тарта спортшы қатысқан.

«Байрақты бәсеке тартысты өтті. Ең жеңіл салмақтағы спортшылар да жақсы жекпе-жек көрсетті. Олардың көбі уақытынан бұрын аяқталып отырды. Дәрігерлер кей қатысушылардың қастарын тігіп берді. Иығын шығарып алып, есінен танғандар да болды», - дейді А. Ғазизов. Жеңімпаз белбеуі үшін болған супер жекпе-жекте павлодарлық Арман Әшімов қызғызстандық Қаныбек Бейшеевтен басым түсті.

55 келі салмақ дәрежесінде ресейлік атлет Ілияс Садықов жеңімпаз атанса, 60 және 65 келі салмақ дәрежесінде қазақстандық Елмұрат Мусланбек пен Сымбат Есімбаевқа тең келер ешкім болмады. 70 келі салмақтағы спортшылардың көп болуына байланысты қатысушылар «А» және «В» топтарына бөлінді. Қос топта да қазақстандық Алтынбек Бақтыгелдинов пен Фаниль Рафиков жеңіске жетті. Ең ауыр салмақта (85 келі) ресейлік Владимир Ивашкинның бағы жанды.

Жалпыкомандалық есепте бес алтын, төрт күміс, алты қола медаль ұтқан Қазақстан құрамасы топ жарды. Екі «алтын» мен үш «қола» жинаған Ресей құрамасы - екінші орында. Ал, үш күміс медальді қанағат тұтқан Қырғызстан құрамасы үштікті қорытындылады. Байрақты бәсекені Павлодар қаласының әкімі Болат Бақауов пен КСРО-ға Еңбегі сіңген спорт шебері, КСРО-ның Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, дүниежүзілік «Жекпе-жек» қауымдастығының президенті Сабыржан Махмет тамашалады.

 

Хабарламаларға жазылу