«Қаллеки» театры XIII Халықаралық «Золотой Витязь» театр форумына қатысады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қаллеки» театры XIII Халықаралық «Золотой Витязь» театр форумына қатысады

09.11.2015
«Қаллеки» театры XIII Халықаралық «Золотой Витязь» театр форумына қатысады

29 қараша мен 6 желтоқсан аралығында Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры Мәскеуде өтетін XIII Халықаралық «Золотой Витязь» театр форумына қатысады, деп хабарлайды театрдың ақпарат орталығы.

Театр ұжымы форумға В.Ежовтың «Тыраулап ұшқан тырналар» атты  лирикалық драмасын сахналамақ. Қойылым режиссері, Қазақстанның Халық әртісі, профессор – Талғат Теменов.

Қазақ тіліне аударған атақты театр сыншысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор –  Әшірбек Сығай.  

«Тыраулап ұшқан тырналар» лирикалық драмасы  қазақ солдаты Пернебек Боранбаев пен неміс қызы Инганың арасындағы  махаббатты баяндайды.  Спектакль барысында  адам бойындағы асыл қасиеттер: махаббат пен жауыздық, адамгершілік пен сыйластық, жауларға деген өшпенділік және Отанға деген сүйіспеншілік шынайы көрінеді.  

Басты кейіпкер Пернебек Боранбаевты кино және театрдың жас актері Әбілмансұр Серіков, неміс қызы Инганы театрдың жас актрисасы Ақмарал Танабаева сомдайды.

Сондай-ақ, Қазақстанның Халық әртісі Т.Мейрамов, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткерлері А.Омар, Н.Өтеуілов, ҚР «Дарын» жастар сыйлығының иегері С.Қашқабаев пен  Қ.Қыстықбаевтар өнер көрсетеді.

XIII Халықаралық «Золотой Витязь» театр форумына  Қазақстан, Болгария, Грузия, Ресей мемлекеттерінен  24 театр ұжымы  қатысады. «Қаллеки» театры 30 қараша күні кешкі сағат 19.00-де Мәскеудің академиялық Ресей армиясының театр сахнасында өнер көрсетеді.  

Хабарламаларға жазылу