Қасқырлар туралы қызықты деректер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасқырлар туралы қызықты деректер

07.11.2015
Қасқырлар туралы қызықты деректер

Қасқырлар – тумысынан аңшы. Олар жеті қараңғы түнде анық көре алатын, 16 шақырым жердегі дыбысты ести алатын, 200 миллион иісті ажырата алатын  (бұл жерде адамның иіс сезу қабілетінен қасқырдың қабілеті 40 есе артық екенін ескерген жөн) ерекше қасиетке ие.

Аңның жақ сүйегінің қысымы әр сантиметріне 300 келіге дейін жетеді. Бұл көрсеткіш ірі иттерде екі есе төмен.  Қасқырлар – өте төзімді келеді және өз аумағында ең қаһарлы жыртқыш саналады. Ірі еркек қасқырлардың салмағы мекен ететін жеріне байланысты 50-80 келі аралығында болады. Неғұрлым солтүстікке жақын мекендесе, соғұрлым ірі келеді.

Қасқырлар табиғатынан адам тұратын жерлерге шабуыл жасамайды. Сондай-ақ, жалғыз-жарым аңшылардан аулақ жүреді. Алайда, қыстың қақаған суық күндерінде топ қасқырлардың елді мекендерден жемтік іздеген кездері де болған.

Үй жануарларына қауіп төндіргенімен қасқырлар  орманның биохимиялық процесін сақтап тұруға аса қажет. Бір ірі қасқыр күніне 10 келі ет жей алады.

Көбіне  үйір туыс қасқырлардан құралады. Үйір басшысы ең мықты қасқыр саналады. Қалғандары оған бас иеді. Негізі, үйір басшысының қаншығы да басшылық жасай алады. Бірақ, көбіне жас қасқырлар мен қаншық қасқырларға бас-көз болады. Ұрғашы қасқыр бөлтіріктерін 65 күндей көтереді. Бөлтіріктердің көздері алғашқыда көкшіл келеді. Есейе келе ғана сарғыш тартады.

«Қасқырдың адалдығы» деген түсінік кең тараған. Себебі, қасқырлар өмірлік серігін тек бір-ақ рет таңдайды.  Отбасы мүшелеріне көбінесе жемтікті қаншық қасқырлар әкеледі. Ал, бөлтіріктерді тұтас үйір болып бағады.

Қасқырларда коммуникация мүмкіндігі өте жақсы дамыған.  Олар бет әлпеті арқылы бірнеше эмоция білдіре алады. Ал, ұлу, үру, ырылдау арқылы олар өздерінің қайда тұрғанын немесе қай жерде жемтік барын аңғартады.

Бір қызығы, қасқырды қолға үйрету мүмкін емес.

Хабарламаларға жазылу