Байқау Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев белгілеген «100 нақты қадам» бағдарламасының 88 тармағы мен индустрияландыру және экономикалық өсу бойынша институционалдық реформаны жүзеге асыру аясында жыл сайын өткізіледі.
Байқауды Білім және ғылым министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы ұйымдастырып отыр, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
«Өз кәсібінің үздігі» байқауы жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға бағытталған. 2015 жылы Қазақстанның барлық аймақтарынан 150-ден астам өтініш қабылданды. Нәтижесінде, байқау комиссиясы «Үздік темір ұстасы», «Үздік кран жүргізушісі», «Үздік электрші» «Үздік сантехник», «Үздік дәнекерлеуші», «Үздік технолог», «Үздік металл жонушы», «Үздік тігінші», «Үздік қоғамдық көлік жүргізушісі», «Үздік әрлеуші» (сырлау бойынша техник) сынды 10 аталым бойынша 20 жеңімпазды анықтады»,-делінген баспасөз мәліметтерінде.
Салтанатты жиынды құттықтау сөзімен ҚР білім және ғылым вице-министрі Т. Балықбаев ашады. Сонымен қатар, шараға ҚР мәдениет және спорт вице-министрі М. Әзілханов, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Б. Нұрымбетов, ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі С. Сәрсенов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Е.Аманшаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, коммерциялық емес ұйымдардың, «Нұр Отан» партиясы жанындағы жастар қанатының, «Жасыл ел» жастар еңбек отрядтарының республикалық штабы» жеке меншік мекемесінің өкілдері қатысады. Танымал қазақстандық әнші Диас Аблаев кешке арнайы шақырылып отыр.