Алматыда пианистердің халықаралық конкурсы өтуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда пианистердің халықаралық конкурсы өтуде

04.11.2015
Алматыда пианистердің халықаралық конкурсы өтуде

Қазақстан, Моңғолия, Өзбекстан, Беларусь, Ресей, Оңтүстік Корея, Жапония, Грузия. Жас пианистер конкурсының географиясы биыл да кең. Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының базасында байқау осымен жетінші рет өтіп отыр.

«Бұл байқаудың деңгейі жыл сайын көтеріліп келеді. Қазылар алқасы мүшелерінің арасында әлемдік жұлдыздар, аты аңызға айналған талантты адамдар, үлкен  байқаулардың жеңімпаздары бар. Бүгін бірінші бөлімде Бах, Моцарт, Шопен, Рахманинов,  Лиц шығармаларын орындадым»,-дейді пианист Асқар Құлшәріпов.

Сайыскерлердің өнерін танымал әрі жоғары білікті мамандар бағалайды. Олар Ұлттық консерваторияның ректоры, Қазақстанның Халық әртісі Жәния Әубәкірова, Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының профессоры Михаил Воскресенский, Вьетнам музыканты,  Варшавада өткен Шопен атындағы пианистер конкурсының алтын жүлдегері Данг Тхай Шон, халықаралық конкурстардың лауреаты, АҚШ музыканты Юрий Маргулис, Сеул ұлттық университетінің профессоры Хюнг Чунг Чжанг және халықаралық конкурстардың лауреаты Максим Могилевский.

«Конкурс жақсы өтіп жатыр. Алғашқы күн болғандықтан, бәрі қуанышты. Байқаудың деңгейі өте жоғары. Фортепианода керемет ойнайды. Бұл байқау АҚШ-тағы конкурсқа ұқсас. Тек бағдарламалары бөлек. Қатысушылар үшін оңай емес»,-дейді пианист, музыкант Юрий Маргулис.

Айта кету керек, байқау 2000 жылдан бері әр екі жыл сайын ұйымдастырылып келеді.

Хабарламаларға жазылу