Жалпы бағдарлама аясында қалалық әкімшілік БАЭ-ның туризм, ауылшаруашылық, өнеркәсіп салаларының көшбасшы компания басшылары және басқа да шетел делегаттарына Астана қаласының Индустриалды паркінде инвестициялық тур ұйымдастырды. Бас сессияның екінші күнінде форумға ҚР бірінші вице-премьері Бақытжан Сағынтаев, Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков , ҚР Ұлттық Банк төрағасы Қайрат Келімбетов, «Астана ЕХРО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов, Бүкіләлемдік Экономикалық Форумның (Давос) бас кеңесшісі Ксавьер Сала-и-Мартин және «BNP Paribas» банкінің директоры Доминик Меню және басқалар қатысты. Доминик Меню Астанаға инвестиция салуға ниетті екенін мәлімдеді.
Астана қаласының инвестициялық әлеуетінің көрсетілімі Тәуелсіздік сарайында жалғасты. Екі күн бойы делегаттар 14 көрмелік шараның жұмыстарымен танысты: «Smart Astana» павильоны, «EXPO» көрмесі, «Астанада жасалынған», «АSTRA», елорда әкімдігі басқармалары және инвестициялық жобалар.
Сондай-ақ, «Smart Astana 2015: идеядан жүзеге асыруға дейін» атты конференциясы өтті. Канада, Сингапур, Франция, Қытай, Венгрия, АҚШ және Қазақстанның он екі сарапшылары инновациялық жобаларын жүзеге асыру, «Smart Астананың» қазіргі даму жағдайы мен перспективасы жөнінде талқылады.
Панельдік сессия барысында UITP Халықаралық қоғамдық көлік одағының Қазақстанда кеңсесін ашу туралы «Муниципальды транспорт» МИФ пен «Astana Invest 2015» арасында келісімшартқа қол қойылды.