Қазақстан футбол федерациясы мен Катар футбол қауымдастығы ынтымақтастық жөнінде келісімге қол қойды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан футбол федерациясы мен Катар футбол қауымдастығы ынтымақтастық жөнінде келісімге қол қойды

28.10.2015
Қазақстан футбол федерациясы мен Катар футбол қауымдастығы ынтымақтастық жөнінде келісімге қол қойды

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Катарға жасаған ресми сапарының аясында Қазақстан футбол федерациясы мен Катар футбол қауымдастығы арасында ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойылды.

Келісімге Қазақстан футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов пен Катар футбол қауымдастығының вице-президенті, Азия футбол конфедерациясының вице-президенті Сауд Аль Моханнади  қолдарын қойды.

Ынтымақтастық жөнінде келісімге барлық деңгейде (төрешілер, жаттықтырушылар, балалар) тәжірибе алмасу,  футбол инфрақұрылымын дамыту, әкімшілік жұмысты (маркетинг, шаралар мен жарыстарды ұйымдастыру) бірге атқару, сонымен қатар, барлық жас деңгейдегі Қазақстан мен Катар құрама командаларының жұмысын ұйымдастыру кірді.

«Қазақстан футбол федерациясы мен Катар футбол қауымдастығы арасында іскерлік қарым-қатынасты орнату бұл күндері Катарға ресми сапар жасаған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арқасында жүзеге асты.

Мемлекет басшысының сапары аясында екі ел арасында экономикалық, саяси келісімдерге қол қойылды. Екі ел басшыларының тарапынан футболға баса назар аударылғаны қуантады. Катармен келісімге қол қою - қазақстандық футболдың дамуының тағы бір қадамы. Әсіресе, 2022 жылғы Әлем чемпионатының Катарда өтетінін ескерген жөн.

Әріптестік аясында бірқатар оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыруды, барлық жас деңгейдегі құрамалардың жолдастық матчтарын өткізуді, футболды дамытуда бірқатар маңызды сұрақтар бойынша тәжірибе алмасуды, сонымен қатар, Астанада өтетін ҚР Президентінің Кубогына Катар жасөспірімдер құрамасын шақыруды жоспарлап отырмыз», - дейді ҚФФ президенті Ерлан Қожағапанов.

Хабарламаларға жазылу