«Қазақстан» телерадиокорпорациясы Алматы қаласында еліміздің жарнама нарығының негізгі басшылары мен менеджерлері қатысқан өзінің жарнамалық және демеушілік мүмкіншіліктерінің көрсетілімін өткізді.
«Қазақстан» телерадиокорпорациясы атынан «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Нұржан Мұхамеджанова, Басқарма төрағасының орынбасары Данияр Нұрғазин, корпорацияның коммерциялық қызмет директоры Шолпан Бейсенбаева, Стратегиялық маркетинг департаментінің директоры Евгений Тищенко, «KAZsport» телеарнасының директоры Павел Цыбулин және тағы басқалары қатысты.
Еліміздің жарнама нарығының 250-ден астам өкілдері қатысқан кездесулер «Royal Tulip Almaty» және «Grand Hotel Tien Shan» қонақ үйлерінде өткізілді. Аталған кездесулер дастарқан басында, іс-шараға қатысушыларға барлық мәселелерді талқылауға мүмкіндік берген еркін әңгіме ретінде ұйымдастырылды.
Кездесу барысында тараптардың инвестициялық және басқа да салалардағы өзара әрекеттесуінің негізгі аспектілері талқыланды.
Сондай-ақ, «Қазақстан» РТРК» АҚ және еліміздің жетекші жарнама агенттіктерінің өкілдері арасында бұдан бұрын жасасқан келісімдер және оларды орындау деңгейі қарастырылды.
«Қазақстан» РТРК» АҚ осы іс-шараның қатысушыларына алғыс білдіріп, достық келіссөздердің нәтижесі өзара тиімді, әрі табысты ынтымақтастықты нығайта түсетініне сенім білдіреді.