ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Көлік комитетінің төрағасы Әсет Асаубаев республиканың вокзал маңы аумақтарын тәртіпке келтіруге тапсырма берді. Ол мұндай тапсырмасын бүгін елорданың темір жол вокзалында өткен көшпелі жиында айтты.
Жиын барысында ол вокзал маңындағы орын алып жатқан жайттарға ерекше тоқталды. Мәселен, комитет төрағасы елорданың темір жол вокзалы төңірегінде ресми такси қызметін ұйымдастырудағы кемшіліктерге тоқталды. Бұл мәселеге орай, «Вокзал сервис» АҚ басшысы Қайрат Тұрлыханов өз пікірін білдіріп, вокзал маңындағы аумақтың толығымен өзі басқаратын мекемеге қарамайтындығын, алдағы уақытта бұл мәселенің өз шешімін табатындығын атап өтті. Дәл осы мәселеге орай таяу аралықта министрлікте қала әкімдігі өкілдерінің қатысуымен арнайы жиын да өтпек.
Әсет Асаубаевтың атап өтуінше, таксилер үшін жеке тұрақтар белгіленіп, ал жолаушыларды тасымалдайтың басқа көліктерге Астана мен Алматы әуежайындағыдай тұрақ ақылы болмақ.
Сонымен қатар ол бұл мәселенің 2016 жылдың екінші тоқсанында толық шешім табатындығын баса айтты.