ОҚО «Қазына» этнотарихи кешені ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ОҚО «Қазына» этнотарихи кешені ашылды

21.10.2015
ОҚО «Қазына» этнотарихи кешені ашылды

Бүгін Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналған мерекелік шаралар аясында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы және Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Б.Атамқұлов «Қазына» этнотарихи кешенін ашты.

Салтанатты рәсімге танымал мәдениет, өнер қайраткерлері, ғалым, тарихшылар, қоғамдық бірлестіктер өкілдері мен аймақ жастары қатысты.

Шараның алдында облыстық тарихи-өлкетану мұражайында қылқалам шеберлерінің көрмесі өтті.

Жаңа кешеннің ауданы 75 гектар. Кешенге «Бәйдібек би» ескерткіші, «Наурыз» алаңы, облыстық тарихи-өлкетану мұражайы, әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы, ипподром, бірыңғай сәулет ансамбліне біріктірілді. Этносаябақта аймақтың тарихи-мәдени ескерткіштерінің 27 макетінен тұратын этно-тарихи саябақ және тарихи құндылықтар орнатылған, ал орталықта диаметрі 21 метр болатын түрлі-түсті субұрқақ қойылған.

Этнотарихи кешенде Қазақ хандығының 550 жылдығының монументі орнатылған. Ескерткіштің биіктігі 15 метрді құрайды, ол қазақ ұлттық оюлары  өрілген екі аркадан тұрады. Ескерткіштің ортасында биіктігі 10 метр, ені 8 метрді құрайтын пирамидалық композиция орнатылды. Пирамиданың шетінде Қазақ хандығының барельефтік композициясы мен «Қазақ хандығына - 550 жыл» және Елбасы Н. Назарбаевтың «Қазақ хандығының 550 жылдығы бұл ұлттық тарихты ұлықтау мен бүгінгі жетістіктерді лайықты бағалау» деген сөзі ойылып жазылған.

«Жайлау» көлінің жағалауындағы ескерткіштің қасында қазақ ауылы орын тепкен. Жағалаудағы демалыс аймағы 15 гектарды алып жатыр. Мұнда 4 ротонда орнатылып, қайық станциясы, көлік тұрағы жабдықталған.

 

Хабарламаларға жазылу