Орта салмақ дәрежесінде бокстан Әлем чемпионы Геннадий Головкин 2015 жылғы 18 қазанда «Madison Square Garden» аренасында атағын қорғап қалды.
Қазақстан халқы Геннадий Головкин мен канадалық боксшы Давид Лемьенің жекпе-жегін асыға күтті. Геннадий, өз кезегінде, Халықаралық бокс федерациясының (IBF) нұсқасы бойынша чемпионы Давид Лемьені 8-раундта жеңіп, ел үмітін ақтады. Бұл жекпе-жек бокс жанкүйерлерінің көңілінен шыққан кәсіпқой бокстағы айтулы оқиға болды.
Головкин-Лемье жекпе-жегін «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы тікелей эфирде көрсетті. 3,5 миллионнан астам қазақстандық жекпе-жекті тікелей эфирде тамашалады.
Сондай-ақ, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы жекпе-жекті таңертең көре алмаған көрермендер үшін қайталауын сағат 13.00-де және 18.55-те көрсетті. Жекпе-жектің қайталауын 1,5 милионнан астам телекөрермен тамашалады.
Бұдан басқа, жекпе-жек «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының ресми сайтында онлайн режимінде көрсетілді. Телеарнаның интернет-редакциясының мәліметтері бойынша көрермендердің сайтқа кіру саны бір миллионнан асты.
«Қазақстан» телерадиокорпорациясының заманауи техникалық базасының және қызметкерлерінің кәсібилігінің арқасында Геннадий Головкиннің қатысуымен өткен кездесу айтулы оқиғаларды трансляциялайтын заманауи технологияны пайдаланумен жоғары деңгейде көрсетілді. Сонымен қатар, осы ауқымды, әрі маңызды іс-шараны жоғары деңгейде жүргізген «KAZsport» телеарнасының комментаторларының еңбегін де атап өткен жөн.
Алдағы уақытта «Қазақстан» және «KAZsport» телеарналары елімізде және әлемдегі өтетін маңызды спорт оқиғаларының трансляциясын тікелей эфирде көрсетуді жалғастырады.
Геннадий Голвкинге жоғары жетістіктер мен жеңістер тілейміз!