Н.Назарбаев: Босқындар мәселесін шешу үшін орасан зор экономикалық ресурстар қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Н.Назарбаев: Босқындар мәселесін шешу үшін орасан зор экономикалық ресурстар қажет

16.10.2015
Н.Назарбаев: Босқындар мәселесін шешу үшін орасан зор экономикалық ресурстар қажет

«Террорлық топтардың қимылы жанданғанын, олардың әрекеті орныққан әлемдік қалыпты бұзып жатқанын айту керек. Бұл жерде халықаралық терроризм көптеген елдер мен өңірлердегі жағдайға деструктивтік тұрғыдан ықпал етуде. Зорлық-зомбылықтың ушығуы бейбіт тұрғындардың, әсіресе әйелдер мен балалардың арасындағы құрбандар санын ұлғайтты. Нәтижесінде, бұл жағдай Солтүстік Африка және Таяу Шығыстан Еуропаға ағылған қарапайым халықтың Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең ауқымды мәжбүрлі миграциясын тудырды. Бұл мәселені шешу үшін орасан экономикалық ресурстар қажет. Оған қоса, босқын атымен тұрақсыздық ошақтарын қалыптастыруды діттеген  террористер жасырынуы мүмкін, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев ТМД мемлекеттері басшылары террорлық қауіпті жоюдың уақтылы әрі тиімді шараларын қабылдау ниеттінде екенін де айтты.

«Менің БҰҰ Бас ассамблеясының мінберінен айтқанымдай, Ұйымның келісімімен террорлық ұйымдармен күрестің дүниежүзілік желісін құру қажет. Бізге осы бағыттағы жұмысты күшейтіп, ТМД Террорға қарсы орталығының әлеуетін барынша пайдалану керек. Сондықтан, ТМД мемлекеттері басшыларының Біріккен Ұлттар Ұйымының 70 жылдығына және халықаралық терроризмге қарсы күреске қатысты мәлімдеме қабылдауын дер кезінде жасалған әрі қажетті шара деп санаймын», – деді Қазақстан Президенті.

Бұған қоса, Мемлекет басшысы Қазақстанның ТМД-ға төрағалығы экономикалық тұрғыдан күрделі кезеңге тап келгенін, бірақ барлық қажетті талаптар орындалғанын айтты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.  

«Достастық аясында жоспарланған шараның бәрі өтті. Бұдан бөлек, таяуда Астанада ТМД елдерінің шығармашыл және ғылыми зиялы қауымының Х мерейтойлық форумы өтеді. Ал Душанбеде ТМД Үкімет басшылары кеңесінің отырысы болады. Осы шаралармен Қазақстанның Достастықтағы төрағалығы түйінделеді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 


 

Хабарламаларға жазылу