Павлодар облысы Баянаулы ауданында Халық әртісі, КСРО және ҚазКСР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, кинорежиссер Шәкен Аймановтың ескерткіші бой көтерді.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, биіктігі 4 метрді құрайтын ескерткіш таза қоладан құйылған. Баянауыл ауданының орталығында орнатылған мүсінді соғуға 64 милллион теңге жұмсалған. Қаржыны демеушілер бөлген. Туындының авторы мүсінші Асқар Нардов.
Ашылу рәсімінде сөз алған аймақ басшысы Қанат Бозымбаев пен «Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметінің жетекшісі Алмас Жұмағұлов баянуылдықтардың қуанышына ортақтасты.
Салтанатты шараға Алматыдан қазақтың дара перзентінің немересі, музыкант Дина Шәкенова арнайы келді.
«Менің атам көңілі кең, қарапайым азамат болған. Айналасындағы адамдарға әрдайым көмек қолын созуға әзір ардақты жан еді. Киелі Баянауыл өлкесінің тумасы, қазақ киносының атасы атанған Шәкен Айманов бірнеше өлмес туынды түсіріп, бұл саланың өсіп-өнуіне сүбелі үлес қосты. Атам отандық өнер саласындағы қайталанбас құбылыс, феномен. Осындай тұлғаны тудырған Баянауыл топырағына ат басын бұрып, атамның жерелестеріммен қауышқаныма ризамын», - дейді Д. Шәкенова.
Еске сала кетсек, бір жыл бұрын Павлодар өңірінде Шәкен Аймановтың 100 жылдық мерейтойы кеңінен аталып өтті.