Қазан айы – сүт безі қатерлі ісігімен бүкіләлемдік күрес айы.
Осыған орай бүгін «Таңшолпанда» онколог-маммолог, Астана қалалық Онкология орталығы диспансерлік бөлімінің меңгерушісі Ербол Исмаилұлы Жаппаров қонақ болып, сүт безі қатерлі ісігі ауруының алдын алу туралы әңгімеледі.
«Сүт безі қатерлі ісігі ауруына әсер ететін бірнеше фактор бар. Көбінде гормоналдық өзгерістер, гинекологиялық аурулар, психологиялық стресс әсерін тигізеді», - дейді Ербол Жаппаров.
Оның айтуынша, мұндай аурудың бірінші және екінші сатысында жазылып кету мүмкіндігі көп.
«Онкологиялық ауруларды емдеу түрлері көп. Бастапқы, бірінші деңгейде болса, оперативті еммен ғана сауығуға болады. 3, 4 сатыда болса, химиотерапия, гормоналдық жолмен емделеді. Бірақ ем қабылдау уақыты ұзақ және қиын болады», - дейді онколог-маммолог.
Сондай-ақ, ол мұндай ауруларға консерванттар әсерін тигізетінін айтады.
«Бүгінгі таңда тағамдарда консерванттар көп. Олар тікелей қатерлі ісік ауруларына алып келуі мүмкін. Сондықтан мейлінше табиғи өнімдерді қолдану керек», - дейді Ербол Жаппаров.
Сұхбаттың толық нұсқасын «Таңшолпаннан» тыңдай аласыздар.