Қазақстан-Нидерланд матчына франциялық рефери Клеман Турпен бастаған төрешілер тобы тағайындалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан-Нидерланд матчына франциялық рефери Клеман Турпен бастаған төрешілер тобы тағайындалды

08.10.2015
Қазақстан-Нидерланд матчына франциялық рефери Клеман Турпен бастаған төрешілер тобы тағайындалды

2016 жылғы Еуропа чемпионатының ірікте турниріндегі Қазақстан - Нидерланд матчына франциялық рефери Клеман Турпен бастаған төрешілер тобы тағайындалды.

Бір қызығы, бұл төреші 2011 жылы Түркия - Қазақстан матчында қызмет атқарған болатын. Сол ойын 2:1 есебімен түрік футболшыларының жеңісімен аяқталды. Ал, Турпен сол кездесуде бес сары қағаз көрсетіп, Түркия құрамасының футболшысы Инан Сельчукті алаңнан қуды. Қазақстан құрамасының сапында Александр Мокин, Юрий Логвиненко және Таңат Нөсербаев сары қағаз алды. Сонымен қатар, Қазақстан құрамасының қақпасына пенальти белгіленді. Алайда, он бір метрлік айып добын орындаған Бурак Йылмаз қақпашы Александр Мокиннен айласын асыра алмады.

2016 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде Клеман Турпен екі ойында жұмыс істеді – Венгрия – Финляндия (1:0) және  Грузия – Германия (0:2). Сондай-ақ, оның еншісінде жастар арасындағы Еуропа чемпионатының финалдық турнирінің, Чемпиондар Лигасы мен Еуропа Лигасының топтық кезеңінің, Франция чемпионаты, кубогы және Суперкубогының матчары бар.  

33 жастағы франциялық төрешіге отандастары Фредерик Кано мен Николя Дано көмектеседі. Төртінші төреші -  Хишман Закрани. Төрешінің қосымша көмекшілері - Фреди Фотрель мен Бенуа Бастьен.

Еске сала кетейік, 2016 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турниріндегі Қазақстан - Нидерланд матчы 10 қазан күні «Астана Арена» өтеді. Матчтың басталу уақыты - 22:00. Ойынды «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.

Хабарламаларға жазылу