«Қазақстан» Ұлттық телеарнасында жаңа хикаялардың тұсаукесері өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақстан» Ұлттық телеарнасында жаңа хикаялардың тұсаукесері өтеді

06.10.2015
 «Қазақстан» Ұлттық телеарнасында жаңа хикаялардың тұсаукесері өтеді

Жаңа маусымда «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы өз көрермендеріне жаңа жобаларды, соның ішінде бірқатар отандық хикаяларды ұсынады.                            

Өз өндірісінің контентін сапалы өзгерту мен жоғарылатуға байланысты «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы мектеп оқушысынан бастап, еңкейген кәріге дейін жанға жайлы бағдарламаны ұсынуда

Телеэфирден берілетін шетелдік өндірістің хикаялары қысқартылып, есесіне отандық телехикаялардың саны артты. Отандық теле хабар тарату арналарының ішінде біздің арна өзінің негізгі жобаларын орыс тілді жүгіртпе жолдармен бірінші болып бере бастады (қоғамдық маңызды бағдарламаларды, хикая өндірісін және деректі фильмдерді).

Жаңа маусымда телеарна «Жарық», «Жаңа қоныс», «Біздің ағай», «Таңдау», «Шырғалаң», «Жамбыл» және тағы басқа бірқатар өз өндірісінің хикаяларын телекөрермендерге ұсынады.

«Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Нұржан Мұхамеджанова  телехикаялар өндірісі туралы:

«Қазақстандық көрермен ата тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін барынша білуге құштар. Оның үстіне телеэкраннан өз замандастарын, бүгінгі өмірді көргісі келеді. Осы орайда, біз көрермендердің сұранысын барынша тез, әрі сапалы қанағаттандыруға тырысамыз. Отандық хикаяның сапасын жаңа деңгейге көтеру қолымыздан келді деген ойдамын. Біз идеяны, синопсисті, сценарийді әзірлейміз.

Түсірілім үдерісін, монтажды бақылап, түсірілген материалды алдын ала қарап шығамыз. Хикаяларымыздың басты кейіпкерлері мұғалім («Ұстаз»), полиция қызметкері («Ауыл сақшысы»), дәрігер («Жедел жәрдем»)... Осы хикаялар арқылы медицина, білім саласындағы, шағын және орта бизнестегі жағдайды, қала мен ауыл, әке мен бала арасындағы және ең маңызды болып табылатын адамдар арасындағы қарым-қатынас мәселелерін көтереміз. Біз бұл жетістікке жету үшін көп еңбектендік. «Қазақстан» РТРК» АҚ тапсырысы бойынша биыл 12 хикая түсірілуде, бұл 217 серия. Қызықты да, шытырман оқиғаларға толы жаңа хикаяларды жуық арада назарларыңызға ұсынатын боламыз!».

«Қазақстан» Ұлттық телеарнасындағы жаңа маусым «Жарық» хикаясының тұсаукесерімен басталды. Бұл «жоғары кернеу аймағында» - Мойнақ ГЭС жанындағы оқиғалармен байланысты отбасылық оқиға. Хикая  Қазақстандық табиғаттың жауһарлары Шарын өзенін, Шарын шатқалын көрсетумен ерекшеленеді. Күздің соңына дейін көрермендерге жаңа үш хикая ұсынылады, олар: «Жаңа қоныс», «Біздің ағай» және «Таңдау».

«Жаңа қоныс» хикаясы эфирге 10-қазан күні шығады. Сюжеттің негізі заманауи тенденцияда қазақстандық қоғамның қарқынды дамуы, ауыл жастарының қала өміріне бейімделуі. Басты кейіпкерлер қаланың қақ ортасында пәтер жалдайтын отбасы. Бұл жағдай көпшілік тұрғындарға таныс. Өз пәтеріне қол жеткізем деген асқақ арманға жету жолында хикая кейіпкерлері қызықты да, күрделі жағдайларды бастан кешеді. Алайда, бұл жоба арқылы біз туған жерге деген махаббатты, ауылды түрлендіру, гүлдендіру мәселелерін көтереміз.

12-қазан күні «Біздің ағай» хикаясының тұсаукесері. Комедия жанрында түсірілген хикая зейнеткерлікке шығып, танымал блогер және жастардың тәлімгері атанған ауыл ақсақалының қызықты оқиғаларын паш етеді.

Күзгі маусымның басты премьераларының бірі – «Таңдау» хикаясы. Телехикаяның драмалық сюжетінде, ең алдымен, қазақстандықтардың зияткерлік ұлт екені көрсетіледі. Хикаяда нағыз достық пен отансүйгіштіктің үлгісін көрсеткен төрт достың тағдыры сипатталады. Шетелден түскен көптеген ұсыныстарға қарамай, олар өз елінің дамуына, көркеюіне үлес қосуға бел буады. Көптеген қиыншылықтарға тап болған достар, мемлекеттен қолдау табудан үміт үзіп, инвестицияларды таныс-жақындарының арасынан іздей бастайды. Хикаяның тек соңына қарай «Алатау» IT парктің дирекциясына өтініш білдірген жастар елімізде өз ісін ашу үшін барлық шарттардың құрылғанына және барлық азаматтарға бірдей мүмкіндіктер бар екенін көріп, таң қалады. Хикая жастардың бойына отансүйгіштік сезімін ұялатып, өз мемлекетінің болашағына үлестерін қосу ілгерінді, нағыз азаматтарға тән қасиет екенін ұқтырады.

«Қазақстан» Ұлттық телеарнасы отандық хикаялардың өндірісін одан әрі жалғастыра береді. Толық ақпаратты www.kaztrk.kz сайтынан және біздің барлық әлеуметтік желілерден біле аласыздар.

Хабарламаларға жазылу