Қазақстанда алғаш рет II Халықаралық «Жібек Жолы» музыкалық фестивалінің шеңберінде 4 қазанда, «Астана Опера» театрының Камералық залында аты әлемге әйгілі Noreum Machi музыкалық ұжымының концерті өтеді, деп хабарлайды astanaopera.kz.
Астана қонақтары мен тұрғындары көне соқпалы аспаптардың сиқырлы дыбыстарын, жанды баурап алатын акробаттық билерді, сондай-ақ, жезді-үрмелі аспаптар рэбімен үйлесетін кореялық K-TRap рэбін тамашалай алады.
Noreum Machi 1993 жылы құрылған. Оның атауы кезінде орындау шеберлігі асқақтаған кәріс музыкант-суырып салмалардың өнерін білдіреді. Қазір де вокалисттер мен аспапшы-музыканттар жоғары кәсіби деңгейде өнер көрсетіп жүр. Аталған ұжым әлемнің үздік музыкалық алаңдарының жиі шақыртылатын қонақтары. Шеберлігі асқан музыканттар әлемнің 170 қаласы мен 50 елінде көптеген гастрольдік сапарда болып, орасан зор табысқа жетті, атап айтсақ, ол елдердің қатарында Италия, Франция, Бельгия, Швейцария, Австрия, Алмания, Нидерланд, АҚШ, Австралия, Жапония, Бразилия, Венесуэла, Камбоджа және басқасы бар.
Көрерменге кореялық экзотикалық аспаптармен – құмсағат іспеттес чангу дабылымен, екі жақты шамшат дабылымен, металдан жасалған үлкен гонг чинмен және кішкентай гонг кквэнгваримен танысудың бірегей мүмкіндігі туады. Осы соқпалы аспаптармен орындалатын дәстүрлі шаруалар музыкасы аталған музыкалық ұжымның репертуарында бақсылық ырғақпен және көпке танымал әндермен үйлесім табады.