Жас геологтар Әнель Тынысбек, Қаламқас Жағыпарова және Аружан Нұрұлла Жер туралы ғылымдар бойынша (InternationalEarthScienceOlympiad - IESO) халықаралық олимпиададан жүлделі оралды.
13-20 қыркүйек аралығында Бразилияның Сан-Пауло қаласында өткен білім сайысында Ә.Тынысбек «Гидрогеология» пәні бойынша күміс медаль, Қ.Жағыпарова мен А.Нұрұлла «Жалпы геология» және «Космогеология» аталымдары бойынша қола медальға ие болды.
Ал Ернұр Пермебектің алғашқы үздік үштікке кіруіне бірнеше балл жетпей қалды. Бір атап өтерлігі білім сайысына қатысушылардың барлығы Астанадағы Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназияның оқушылары.
Олимпиададан жүлделі оралған оқушыларды ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев қабылдап, алғыс хатпен марапаттады.
Соңғы жылдары Қазақстанда балалар мен жасөспірімдердің қозғалысы табысты дамып келеді.
ҚР Инвестициялар және даму министрлігі жанынан оқушылардың жоғарғы оқу орнына дейінгі геологиялық дайындығын және жас геологтар қозғалысын қолдау мақсатында «Жас геолог» корпоративтік қоры құрылды, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.