Қазақстандық фотографтар «Bassano Fotografia-2015» халықаралық көрмесіне қатысуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық фотографтар «Bassano Fotografia-2015» халықаралық көрмесіне қатысуда

22.09.2015
Қазақстандық фотографтар «Bassano Fotografia-2015» халықаралық көрмесіне қатысуда

Павлодарлық «Орион» фотоклубы Италияның Венето аймағындағы Бассано дель Граппа қаласында өтіп жатқан «Bassano Fotografia-2015» халықаралық көрмесіне қатысып, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Фотобиенале осы жылдың 19-қыркүйегінде басталып 2016 жылдың 19-қаңтарына дейін жалғасады. Шараға Қытай, Хорватия, Моңғолия, Ресей, Ұлыбритания және Франция елдерінің фотографтары қатысуда. Халықаралық көрмеге «Фото саласындағы ең ықпалды адамдар» тізімінің жүздігіне енген, «National Geographic» журналының фототілшісі Джо МакНалли сияқты танымал тұлғалардың туындылары қойылған.

Ал, Қазақстанның атынан павлодарлық «Орион» фотоклубына 15 ғасырда салынған тарихи ғимарат - Бонагуродан арнайы зал ұсынылған. «Орион» клубымен қоса бұл залда «Le vie intorno» жобасымен Татьяна Алексенконың да фотосуреттері қойылған. Аталмыш ұйымның сегіз мүшесінің шығармалары Қазақстан және Орталық Азияның сұлу келбетін пейзаж, портрет сияқты жанрлар арқылы паш еткен.

Итальяндықтарды тамсандырған павлодарлық фотошеберлердің қатарында Сапарбек Султанбаев, Борис Краснянский, Владимир Высоцкий, Григорий Сергеев, Татьяна Гришина, Екатерина Завсигалова, Алексей Усов, Александр Борщев бар. Көрменің жетекшісі - Татьяна Алексенко. Ол - «АLA» Одағынының президенті, аудамашы әрі фототілші. Бүгінгі таңда Италияда тұрады. Т. Алексенко 2014 жылы Венетоның фотосуретшілерінің туындыларын Павлодарға әкеліп, облыстық көркемсурет мұражайында көрме ұйымдастырған.

«Әдетте биенале екіге бөлінетін. Алғашқысы кәсіби фотосуретшілердің туындылары қойылатын тарихи мұражайлардағы көрме болса, екіншісі қала дүкендері мен кафелерде қойылатын суреттердің көрмесі. Биылғы жылы қаланың 93 ғимаратында осы тектес шаралар өткізілді.Осы арқылы Бассано дель Граппа қаласы көрмеге айналды деуге болады», - деді Т. Алексенко.

Т.Алексенконың айтуынша, Бассано дель Граппада көрмеден басқа түрлі іс-шаралар өтуде. Мәселен, танымал фотосуретшілермен кездесу өтіп, тәжірибе алмасу мақсатында шеберлік сабақтары ұйымдастырылып тұрады. Биылғы көрменің бір бөлігі режиссер Федерико Феллиниге арналмақ.

Хабарламаларға жазылу