Н. Құнанбаев: Елімізде өрескел заңбұзушылықтары жоқ ірі кәсіпорындар тексеруден босатылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Н. Құнанбаев: Елімізде өрескел заңбұзушылықтары жоқ ірі кәсіпорындар тексеруден босатылады

17.09.2015
Н. Құнанбаев: Елімізде өрескел заңбұзушылықтары жоқ ірі кәсіпорындар тексеруден босатылады

Өрескел заң бұзушылықтарға жол бермеген ірі кәсіпорындарға қауіпсіздік тұрғысындағы тексерулер жүргізілмейді. Бұл туралы бүгін ҚР ИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрбек Құнанбаев мәлім етті.

«Жарты жылдық негізінде тексерулер жүргізудің ерекше тәртібі енгізілуде. Өрескел заңбұзушылықтарға жол бермеген кәсіпорындар осы тексерулер тізіміне енгізілмейді. Ал шағын және орта бизнесте біз мүлдем тексерулер жүргізбейміз. Тек, оқиға фактісі немесе өтінімдер бойынша ғана тексереміз»,-деді ол ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі мемлекетаралық кеңесінің кезекті отырысы барысында.

Оның айтуынша, қазіргі кезде кәсіпорындармен ынтымақтаса жүргізілген шаралардың арқасында өндірістерде жарақат алу деңгейі төмендеуде.

«Кәсіпорындар өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету өзекті мәселе екенін түсініп отыр. Сондықтан да біз бірлескен тексерулерді даярладық. Яғни, біздің сарапшылар кәсіпорындардың өтініші бойынша барады. Кемшіліктер анықталған жағдайда біз оларды жою бойынша ұсыныстар жасаймыз. Осындай екіжақты меморандумдардың санын бүгінде 360-тан асырдық. Бұндай ұсыныстардың арқасында жарақаттану деңгейі төмендеп келеді»,-деді ол.

Хабарламаларға жазылу