Танымал сатирик, публицист, аудармашы Марал Хасеннің 70 жылдық мерейтойына орай «Ұршықтайын иірген сөз мәйегін…» («Нобель сыйлығының лауреаттары») атты тәржімалар жинағы жарық көрді.
Мақсат - қазақ оқырмандарын Нобель сыйлығын иеленген әлемдік классиктердің туындыларымен таныстыру.
Жинаққа 14 ел қаламгерлерінің шығармалары енген. Оның ішінде түркітілдес халықтар арасынан алғаш болып Нобель сыйлығын иеленген Орхан Памуктың еңбегі бар.
Біздің анықтама:
Марал Хасен 1945 жылы 4 қаңтарда Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданының №5 ауылында дүниеге келген. Мәскеудің Жоғары партия мектебін тәмамдаған.
Еңбек жолын 1963 жылы аудандық «Жаңаарқа» және «Новая степь» газеттерінен бастаған. «Жезқазған туы» газетінде жауапты хатшының орынбасары, «Ағадыр таңы», «Агадырская новь» басылымдарының редакторы қызметін атқарған.
Кейін бірнеше жыл Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде бас редактордың орынбасары болып еңбек етті.
Академик Евней Букетовтың «Святое дело Чокана» эссесі мен грузиялық жазушы Реваз Махатадзенің «Под небом Казахстана» романын қазақ тіліне аударған.
Сондай-ақ, әр жылдары француз жазушысы Альбер Камюдің «Молчание», жапондық Кэндзабуро Оэның «Послевоенное поколение», британиялық Сомерсет Моэмның «Луизу», америкалық Теодор Драйзердің «Во тьме», италиялық жазушы Джакомо Казанованың «Мемуары» атты шығармаларын тәржімалаған.
«Жүрек қанын сия қылған», «Аудармалар», «Мазасыз күндер» кітаптарының авторы.