Қазақстан Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің жұмысына көмектесуге және жан-жақты қолдау көрсетуге дайын, деп мәлімдеді ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Астанаға ТМЫК V саммитіне қатысуға келген ұйымның Бас хатшысы Рамиль Гасановпен кездесуі барысында.
Қазақстан Түркі кеңесінің барша нығаюы мен дамуына мүдделі екенін айтып, қазақстандық СІМ басшысы түркітілдес мемлекеттердің ортақ тарихы, этностық, тілдік жақындылығы негізінде олардың мәдени-гуманитарлық жақындауына бағытталған ТМЫК қызметіне қазақстандық тараптың қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
Кездесу барысында Р.Гасанов Түркі кеңесінің 2014-2015 жылдардағы қызметінің қорытындылары мен алдағы жоспарлары туралы айтып берді.
Тараптар ТМЫК мүше мемлекеттерінің ұйым шеңберіндегі ынтымақтастығының басым бағыттарын талқылады.
Е.Ыдырысов, сондай-ақ, ТМЫК Бас хатшысының және тараптар сарапшыларының ТМЫК мерейтойлық саммиттің сапалы дайындығы бойынша жемісті қызметін атап өтті.
Бүгін Астанада Кеңеске қатысушы мемлекеттердің басшыларының қатысуымен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің Саммиті өтеді.
Мәлім болғандай, Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынысымен саммиттің негізгі тақырыбы ақпарат саласындағы ынтымақтастық болмақ. Мемлекет басшылары өткен саммиттер барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды 11 қыркүйекте қорытындылап, жаңа міндеттемелер айқындайтын болады, деп күтілуде.