Жазушы, әдебиет сыншысы, академик Тұрсынбек Кәкішев 89 жасқа қараған шағында өмірден өтті.
Біздің анықтама:
Тұрсынбек Кәкішев 1927 жылы 15 тамызда Ақмола облысы, Бұланды ауданы, Берлі ауылында дүниеге келген. 1950 жылы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетін, 1960 жылы Қазақ КСР ҒА Тіл және әдебиет институтының аспирантурасын тәмамдаған.
1944-1945 жылдары Ақмола облыстық Қазақ драма театрының актері, «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінде бөлім меңгерушісі, 1950-1958 жылдары Партия тарихы институтында кіші ғылыми қызметкер, 1960-1968 жылдары Қазақ КСР ҒА-ның М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер, 1968 жылдан ҚазМУ-де аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, факультет деканы қызметтерін атқарған.
Қазақ әдеби сынының даму жолдары, XX ғасырдағы қазақ әдебиетінің, оның көрнекті өкілдерінің шығармашылықтары хақында ғылыми ізденістер жасап, өңімді еңбек етті. «Қазақ әдебиетінің тарихы», «Қазақ совет әдебиетінің тарихы» т.б. іргелі еңбектерді даярлап, жарыққа шығаруға атсалысты.
С.Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығы жөнінде «Сәкен Сейфуллин» (1967), «Қызыл сұңқар» (1968), «Сәкен Сейфуллин» (Мәскеу, ЖЗЛ, 1972, орыс тілінде), «Сәкен Сейфуллин» (1976), «Сәкен және Гүлбаһрам» (1994), «Сәкеннің соты» (1994), «Сәкен Сейфуллин» (1997), «Тар жол, тайғақ кешудің тағдыры» (К.Ахметовамен бірге, 1997), «Сәкен сүйген сұлулар» (1997), «Мағжан-Сәкен» (2000), «Сәкен аялаған арулар» (2003) атты 10-ға жуық кітап жазды.
Қазақ әдебиеті сынының тарихын зерттеп, «Сын сапары» (1971), «Оңаша отау» (1982), «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» монографияларын жазды.
Еңбектері жоғары оқу орындарында пайдаланылып келеді.
«Ұштасқан үш өзенмен» (1978), «Жол үстінде 80 күн» (1983), «Садақ» (1986), «Жасампаз өлке» (1989), «Сандалбай «садақ» (2002) сияқты ғылыми-көпшілік кітаптары қазақ халқының әдеби-мәдени мұраларын іздестіру барысында өмірге келді.
«Санадағы жаралар» (1992), «Ескірмейді естелік» (1994), «Кер заманның кереғар ойлары» (1995) жинақтары, «Мағжан-Сәкен» ғылыми эссесі (1999), «Сәбең әлемі» (2000), «Сайыс» (2001), «Мерей» (2002) кітаптары жарық көрген.
Қазақстан Жазушылар одағының С.Сейфуллин атындағы сыйлығының иегері. Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының Құрметті академигі, Халықаралық Айтматов академиясының академигі. «Парасат» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталған.
Тұрсынбек Кәкішевпен қоштасу рәсімі ҚазҰУ Студенттер сарайында 09.09.2015 ж. сағат 10:00-де өтпек.