Бүгінде «Байқоңыр» ғарыш алаңы әлемдегі ең ірі ғарыш айлағы. Аумағы 6717 шаршы шақырымнан асады. Ұзындығы солтүстіктен оңтүстікке – 75 шаршы, батыстан шығысқа 90 шақырымға жуықтайды.
Айлақтың жер бетіндегі инфрақұрылымын 9 ұшу кешенін, ғарыш аппараттары мен зымыран тасығыштар құрастырып, сынақтан өткізілетін 11 ғимаратты, ғарыш аппараттары мен екпінді блоктарға отын және сығылған газды құюға арналған 3 стансаны, 2 аэродромды және өлшеу кешенін қамтиды.
«Байқоңыр» ғарыш алаңының құрылу тарихы
Байқоңыр — ғарыш алаңы Қызылорда облысы Қармақшы ауданының аумағында орналасқан. Іргесі 1955 жылы қаланған. Ғарыш алаңын салу үшін Байқоңырды таңдап алу себебі: бұл жердің елді мекендерден қашық болуы, экватор жазықтығына жақындығы, ракета ұшырудың қауіпсіздігі, қайтып оралатын ғарыштық объектілер үшін қолайлы қону аймақтарының болуы, т.б. факторлар ескерілген.
Байқоңырдың ұшу трассасы Арал теңізінен Камчатка түбегіне дейін созылып жатыр.
1957 жылдың 4 қазанда Байқоңыр ғарыш алаңынан тұңғыш ғарыш ракетасы сәтті ұшырылды. Ол дүние жүзіндегі ең бірінші Жердің жасанды серігін (ЖЖС) орбитаға шығарған. Ал, 1961 жылдың 12 сәуірінде адамзат тарихында тұңғыш рет Ю.А. Гагарин «Восток» ғарыш кемесімен ғарышқа ұшты. Байқоңыр одан кейін де ғарыш кеңістігін игеруде көптеген жаңашыл бастамалардың старттық орнына айналды. Байқоңырдан Күннің, Айдың, Шолпанның алғашқы жасанды серіктері, «Восток», «Восход», «Союз», «Прогресс» ғарыш кемелері, «Салют», «Мир» орбиталық станциялары, жұмыстар жүргізуге арналған «Протон», «Зонд», «Прогноз», байланыс мақсаты үшін пайдаланылатын және метеорологиялық бақылаулар жүргізуге арналған «Молния», «Экран», «Горизонт», «Радуга», «Метеор», т.б. ЖЖС-тері ұшырылды.
«Байқоңыр» ғарыш айлағынан 1991 жылдың 2 қазанында тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров «Союз Т-13» ғарыш кемесімен Байқоңырдан ғарышқа көтерілді.
Ал, Ресеймен бірлескен бағдарлама бойынша қазақ ғарышкері Талғат Мұсабаев ғарышта 2 рет (1994, 1998) болды. Бұл екінші қазақ ғарышкері ретінде тарихта қалды.
Енді, міне 2015 жылдың 2 қыркүйегінде үшінші қазақ ғарышкері Айдын Айымбетов көкке көтерілмек.