Фарфор – су мен газды өткізбейтін ақ түсті, тығыз керамикалық материал. Фарфордан жасалған ыдыстар беріктігімен және ерекше нәзіктігімен бірден көзге түседі. Дегенмен, кейде сапалы өнімді таңдау әрі оны сол әдемі қалпында сақтау оңай емес. Ол үшін не істеу керек?
«Сапалы фарфор ыдысты таңдау үшін алдымен, оның түсіне назар аудару қажет. Құрамында каолин бар фарфор ақ түсті болады. Яғни, бұл сапалы өнім. Екіншіден, фарфор ыдыстың шетін кішкене ағаш таяқшамен ұрып көріңіз. Соққы нәтижесінде ұзақ әрі сыңғырлаған дыбыс шығуы керек. Сондай-ақ, ыдыстың беткі қабаты тегіс әрі жылтыр болуы шарт.
Сонымен қатар, ыдыстың жұқалығына назар аударыңыз. Сапалы өнім жарық өткізгіштігімен ерекшеленеді. Ең бастысы, сапалы фарфор ыдыстың сырты суретпен толық қапталмайды. Ол тұтынушыға фарфордың ақ түсін көруге мүмкіндік беріп тұруы керек»,-дейді маман Асылтас Баисова.
Фарфор ыдысты таңдау кезінде ескеретін тағы бір маңызды мәселе – ол тым жеңіл болмауы тиіс. Меломиннен жасалған ыдыс-аяқ фарфор ыдысқа өте қатты ұқсайды. Тек меломиннің сапасы төмен әрі тым жеңіл болып келеді. Ондай ыдыстар адам денсаулығына зиян. Сондықтан, мұқият болғаныңыз жөн.
Фарфор ыдысты сақтау жолдары туралы «Таңшолпаннан» біле аласыздар.