Бүлдіршіндердің бойына ана тілінің қадір-қасиетін сіңіріп, ұлттық құндылықтарды насихаттауды міндеті санаған тұңғыш отандық «Балапан балалар телеарнасы биыл 5 жылдығын атап өтпек.
Телеарна «Қазақстан»РТРК» АҚ құрамында 2010 жылдың 27 қыркүйегінде ашылды.
«Балапан» телеарнасының мақсаты - келешек ұрпағымыздың тамырына руһани нәр беріп, интеллект иесі, білім мен ғылымның шыңына шығар азамат болып ержетуіне ықпал жасау.
3-12 жас аралығындағы балаларға арналған арна 2012 жылдың 1 қазанынан бастап, HD форматта хабар тарата бастады. Бұл бағдарламалардың сапасын арттыруға ықпал жасады.
Бүгінде телеарна 14 сағат бойы кабельдік, спутниктік жүйемен эфирге шығуда.
Телеарна интеллектуалды, спорттық-танымдық бағдарламалардан бөлек, бүлдіршіндерге «Батырлар», «Ерден атаның әңгімелері» атты анимациялық мультфильмдерін, «Томпақ» «Санжар мен Қайсар» атты балалар телехикаяларын ұсынды.
Сондай-ақ, жыл сайын «Айгөлек», «Аялаған Астана» республикалық балалар байқауын тікелей эфирде көрсетті. Балалар арасындағы «Алтын құлын» халықаралық жыр додасын ұйымдастырып келеді.
Жаңа маусымда «Достық даңғылы», «Шытырман», «ABC+» атты бағдарламалар эфирге шығады. Сондай-ақ, «Балапан және оның достары», «Ән салайық!», «Сиқырлы кітаптар», «Жануарлар әлемі» хабарлары жаңаша нұсқада ұсынылмақ.
Телеарнаның balapantv.kz сайты бар.
Бесжылдық мерейтойы қарсаңында ата-аналар арасында ертегі байқауы жарияланды. Ертегілерді қабылдау 25 тамызға дейін жалғасады. Ең үздік туындының желісі бойынша телевизиялық қойылым түсіріліп, кітап шығарылмақ.