Айтыс өнері – қазақта шешендік сөз сайысы, тәрбие мектебі, тапқырлықтың тұғыры болып ерекше бағаланады. Айтыскердің үлкен білімі, дүние, табиғат танымы мол, адам мінезінің білгірі және адамдық парасат, ақыл, ой, мәдениет, сыпайылық қасиет дегендер міндетті түрде болуы керек.
Сонымен қатар, айтысып отырғанда, ақын өзінің жеңілгенін білу де айтыстың негізгі шартының бірі болып саналады. Сөзге сөз табу, орынды жерінде ұтымды сөз айту сияқты өзінің жеңілгендігін білу де жоғары бағаланады.
Жеңілгеніне қарамай, құр босқа төпей беруді көпшілік дарындылық, ақындық деп танымайды. Оны қазақ «сиыршылау», деп атайды. Шынайы ақын өзінің ұтылғанын білсе, бірден жеңілгенін мойындап, әрі қарай сөз таластырмайды.
Ұлттық арна қорындағы талай ұтымды айтыс сақталған. Солардың бірқатарын бүгін сағат 12:20-да назарларыңызға ұсынамыз.