Теңгені еркін айналымға жіберу күрделі болғанымен, дұрыс шешім болды - Шигео Катсу - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теңгені еркін айналымға жіберу күрделі болғанымен, дұрыс шешім болды - Шигео Катсу

22.08.2015
 Теңгені еркін айналымға жіберу күрделі болғанымен, дұрыс шешім болды - Шигео Катсу

«Сондықтан да инфляциялық таргеттеу шараларын қолдану қажеттілігі ертелі-кеш туындайтыны айқын еді. Билік басындағылар да мұны жақсы түсініп келді. Кейбір жағдайлар бұл шешімнің жылдам қабылдануына түрткі болды дер едім. Басты себеп - халықаралық экономиканың тұрақсыздығы, оның қазіргі жағдайын  көрермендерге тіпті түсіндіріп жатудың қажеті жоқ деп ойлаймын», - деді бүгін Назарбаев университетінің ректоры Шигео Катсу Қазақстан телернасының тілшісі Диана Ахметжанға берген сұхбатында.  

Ректордың айтуынша, Ресей экономикасында қалыптасқан жағдай, рубльдің әлсіреуі. Бұл Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерге әсер етпей қоймағанын білеміз. Дәл осы аралықта Қытай экономикасының да бәсеңсігенін байқауға болады. Бұл жерде ерекше атап өтетін мәселе, тіпті Қытай үкіметі де өзінің валютасын құнсыздандыруға мәжбүр болды. Кей сарапшылар Қытайдың экономикасы күткеннен де көбірек зардап шегуі мүмкін деген ойға келіп отыр қазіргі уақытта. Яғни, осының салдарынан дамушы елдердің барлығы қиын-қыспақ кезеңге тап болады деген сөз. Бұл әсіресе табиғи ресурстардың экспортына тәуелді елдердің ақша-несие саясатына ықпал етері даусыз.

«Соңғы 1,5 жылда Қазақстан мемлекеттік қордан 28 млрд доллар бөліп, ел экономикасын, төл теңгесін қолдауға тырысып келгені аян. Бірақ, мұның өзі жеткілікті емес екеніне көзіміз жетті. Сондықтан теңгені еркін айналымға жіберу туралы шешім күрделі болғанымен, дұрыс шешім болды. Әрине елдің әлеуметтік-экономикалық  ахуалына ауыр соғады. Дегенмен, жұмыс орындарын сақтап қалуға өндіріс ошақтары бар күшін салады. Тап осы ел үшін сын кезеңде кәсіпорындар өздерінің бәсекеге қабілеттілігін тағы бір дәлелдейді. Сондықтан, қайталап айтам, бұл күрделі шешім, дегенмен дұрыс шешім»,-деп жалғады сөзін ғалым.

Оның пайымдауынша, жалпы инфляциялық таргеттеу күллі экономика үшін қажетті шаралардың бірі. Жыл басынан бері теңгенің долларға шаққандағы бағамында өзгерістер байқалғанымен, бұл қазақстандық бизнес өкілдеріне, ұлттық кәсіпорындарға жаңа серпіліс беріп, бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашады. Сондықтан бұл барша қазақстандықтар үшін маңызды қадам болып отыр.

 

             

 

Хабарламаларға жазылу