Онда алыпсатарлық бағалар тәуекелі ең алдымен бірінші кезекте қажет азық-түлік тауарларына, жоғары тұтынушылық сұранысқа ие, сондай-ақ, мультипликативті әсері бар азық-түлікке жатпайтын тауарларға қалыптасқан жағдайда, монополияға қарсы орган монополияға қарсы заңнаманың бұзылу белгілері бойынша тергеулерді бастауға құқылы екендігі айтылған.
Тергеуді бастауға нарық субъектілерінің төмендегі алыпсатарлық фактілері негіз болуы мүмкін. Олар: монополиялық жоғары бағаны белгілеу, өндiру немесе өнім беру мүмкiндiгi болған кезде сұранысқа ие тауарларды өндiру және өткізу бойынша негізсіз шектеулер енгізу, тауарды өнім айналымынан алып қою арқылы нарықта жасанды тапшылық туғызу.
Сондай-ақ тауарларды сатып алу немесе өткізу бағаларын не басқа шарттарын белгiлеу және қолдау, тауарларды өндіру мен өткізуді негізсіз шектеу бойынша нарық субъектілерінің келісілген іс-әрекеттеріне тыйым салынады.
Мұндай іс-әрекеттерді жасау барлық монополиялық табысты тәркілеп, 3 пайыздан 5 пайызға дейін айыппұл салуға әкеп соғады. Бұдан басқа, аталған бұзушылықтар үшін қылмыстық жауапкершілік те көзделген.
«Сонымен қатар, монополияға қарсы орган негізгі әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағаларына күн сайын мониторинг жүргізеді. Бағалардың күрт өсу фактілері бойынша аумақтық департаменттердің жергілікті БАҚ-та жарияланатын сенім телефондары бойынша, сондай-ақ монополияға қарсы органға және оның облыстық департаменттеріне ресми өтініштермен жүгінуге болады», -делінген Ұлттық экономика министрлігі таратқан баспасөз мәліметтерінде.