Шу, Талас өзендерінің жағасынан табылып жатқан тарихи жәдігерлер мұны айғақтай түсті. Осы өңірден табылып жатқан тас мүсіндер де өте көп. Бұл деректерді жинау мақсатында мұнда арнайы ашылған мұражай да бар.
Әрбір ескерткішінің сыры мен тарихы тереңде жатқан балбал тастар мұражайы Тараз қаласында орналасқан. Қаланың 2000 жылдығына орай 2002 жылы ашылған мұражайдағы жәдігерлердің барлығы дерлік Жамбыл облысының аймағынан табылған.
Мұражайға 60-қа жуық балбал тас қойылған. Оны көрушілер тарихқа көз жүгіртіп, біраз мәліметке қанығары анық. Тас мүсіндер бір-біріне ұқсас болғанымен әрқайсысының бүккен сыры бар.
Олардың көпшілігі Түркі қағанаты кезеңіне жатады. VI ғасырда Алтайда мемлекет ретінде құрылған Түркі қағанатының құрамында бүгінгі қазақ даласы болғаны осыдан да аңғарылады.
«Мұражайдағы құнды жәдігерлердің бірі – Ұмай ананың тасқа қашалған бейнесі. Түркі жауынгерінің отбасымен бірге Ұмай анаға табыну сәті бейнеленген. Тас VI-VIII ғасырларға жатады. Тарихи жәдігер 1965 жылы Талас ауданы, Майтөбе ауылы, Билікөл жерінен табылған»,-дейді ғылыми қызметкер Нұргүл Алдабергенқызы.
Негізінен, балбал тастар Меркі және Жайсаң өңірінде де аз емес. Сонымен қатар, Қаратаудың қойнаулары мен Қырғыз Алатауының теріскейінде және Шу-Іле аймағында, Хантаумен Жамбылтауларында тас ескерткіштер баршылық.
Толығырақ «Таңшолпаннан» біле аласыздар.