«Ұлытау» тобының мүшелері Ержан Әлімбетов, Әсел Исаева және Рүстем Баекеев бүгін таңғы бағдарламада қонақта болып, шығармашылықтағы жаңалықтарымен бөлісті.
Топ құрамы өзгеріп жатыр. Осыған тоқталған Ержан: «Қатарымызға былтырдан бері Рүстем қосылды. Топ жаңару үстінде. Құрамда басқа да өзгерістар бар. Бізге келген жас таланттарға қойылар негізгі талап – адами фактор. Адамгершілік, жауапкершілік, орындау шеберлігі талап етіледі»,-дейді.
Ал, топтағы жалғыз бойжеткен Әсел: «Алғашқыда қиын болды. Себебі, ер-азаматтардың ортасында жалғыз өзім. Бірақ, уақыт өте топтағы жігіттердің жалпы қыз балаға деген ерекше құрметін байқадым. Бүгінде тіпті еркелеп те кеткендеймін»,-дейді.
Шығармашылықтағы жаңалықтарына ойысқан топ мүшесі Ержан Әлімбетов: «Біздің мақсатымыз – ұлттық музыкамызға терең үңіліп, құнды дүниелерді халыққа жеткізу. Репертуарға енетін туындыны топ болып таңдаймыз.
Бірінші кезекте әуеніне басымдық береміз, сосын ырғақ, өңдеуге ыңғайлылық жағы қарастырылады. Музыка – адамзатқа ортақ дүние. Шетелге шыққанда байқағаным – қазақ күйлерін шетелдіктер қазақтардан кем қабылдамайды. Қызығушылығы өте жоғары»,-дейді.
«Мысалы, Жапонияда «Ата толғауы» күйін халық сұрап, қатарынан бес рет орындатқаны бар. Сондай-ақ, шетелдіктер «Адайды» қазіргі заманның туындысы деп ойлайды. Ол мейлі қай заманның дүние болсын, өзіндік тәттілігімен тұтас халықтың жүрегін жаулап отыр»,-дейді Рүстем Баекеев.
Сұхбаттың толық нұсқасын «Таңшолпаннан» көре аласыздар.