Аталған міндеттерді пысықтау мақсатында облыс әкімінің орынбасары Ерлан Айтахановтың басшылығымен селекторлық мәжіліс өтті.
Онда сөз алған Созақ ауданы әкімінің орынбасары Сәуле Еденбаеваның сөзінше, 1-сыныпқа қажетті әдістемелік құралдардан өзге оқулықтармен қамту көрсеткішінің 100 пайызға жеткен, бұл бағыттағы жұмыстар 21 тамызда толықтай аяқталмақ. Ал, Ордабасы ауданының өкілдері 17 тамызға дейін 64 мектепке қажетті оқулықтардың 78 пайызын алып үлгерген. Бұл жұмыстар 25-тамызға дейін толық аяқталады.
Кентау қаласының өкілдері оқушыларды оқулықтармен қамтамасыз ету үшін 8 баспамен өзара келісімшарт жасасқан. Оқушыларды тасымалдау бойынша мәселе жоқ. Жылу маусымына дайындық жұмыстары жоспарға сай жүруде. Бәйдібек ауданындағы білім мекемелері алдағы жылу маусымына сақадай сай. Жылу жүйелеріне тиісті жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қысқа дайын. Ал, Түлкібаста жеткізілген оқулықтарды тарату жұмыстары қарқынды жүруде. Ауданда қатты отын мәселесі толық шешілген.
Сарыағаштағы 142 білім мекемесі оқушыларды қабылдауға дайын. Қажетті оқулықтар баспалардан алынып, жауапты мамандардың жолбастауымен жолда келе жатыр. 6 мектепте жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, бүгінде мемлекеттік қабылдау жұмыстары жүруде. Облыс аймағындағы білім беру мекемелерінің жағдайынан қаныққан Ерлан Айтаханов мәжілісті қорытындылап, жаңа оқу жылына дайындық барысы облыс әкімінің жіті бақылауында тұрғанын айтып, барлық жұмыстарды 25 тамызда аяқтауды міндеттеді.
Баспалардан шыққан оқулықтарды шұғыл түрде өңірге жеткізу, мектептерге таратуға қатысты алда атқарар шараларды айқындап, жауапты тұлғаларға нақтылы тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, аудан, қалалардың оқу жылына дайындығы туралы күнделікті талдамалық ақпар әзірлеп, ұсынуды міндеттеді, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.