«Жас ұлан» мектебі тәрбиеленушілер құрамын жетілдірмек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Жас ұлан» мектебі тәрбиеленушілер құрамын жетілдірмек

17.08.2015
«Жас ұлан» мектебі  тәрбиеленушілер құрамын жетілдірмек

Осы уақытқа дейін 7 сыныпты бітірген балалар қабылданып келсе, енді жаңа ережеге сәйкес «Жас ұлан» мектебіне жалпы білім беру мектептерінің 9 сыныбын бітіріп, негізгі орта білім туралы куәлік алған жастар түсе алады.

Осылайша мектеп тәрбиеленушілерінің құрамын жақсарту жоспарлануда, 9 сыныпты бітірген жасөспірім өз бетінше таңдау жасайды, саналы түрде өз өмірін әскери қызметші кәсібімен байланыстырғысы келген жастар әскери мектепке түседі. Қазір Қазақстанның түрлі өңірлерінен Астанаға ата-аналарымен келген балалар кәсіби-психологиялық іріктеуден өтуде. Психологиялық тестілеуден соң олар дене даярлығы мен медициналық куәландырудан сәтті өтуі қажет.

Бұл соңғы қорытынды іріктеуден өтуге мүмкіндік береді. Үш кезеңнің нәтижелерімен негізгі орта білімі туралы куәліктің орташа ұпайына сәйкес, қабылдау комиссиясы қабылданғаны немесе бас тартқаны туралы нақты шешім шығарады. Сонымен бірге, қабылдау комиссиясы балалардың ата-аналарымен режимге, оқу үдерісі және оқыту бағдарламасына, әскери мектептегі оқудан кейінгі мүмкіндіктері мен келешегіне қатысты жұмыстар жүргізеді.

«Жас ұлан» республикалық мектебі – мемлекеттік тілді және шет тілдерін, әскери тәртіпті тереңдетіп оқытатын жалпы орта білім беру бағдарламасы бойынша, сондай-ақ күшейтілген дене даярлығына баулитын әскери оқу орны екенін атап өткен жөн. Бұл мектеп құрылған сәттен бастап бүгінгі күнге дейін 13 мәрте ұландық түлектерді тәрбиелеп шығарды.

 

Хабарламаларға жазылу